Атырауда 70-ке жуық тұрғынның үйі өртеніп, бір күнде далада қалды (видео)

20 желтоқсан 2021, 23:26

Атырауда 70-ке жуық тұрғын баспанасыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Ескірген токтың кесірінен тамыз айында үйлерінен өрт шығып, бір күнде далада қалғандар қайда барарын білмей дал. Әкімдік олардың ішіндегі 6 үйге ғана уақытша баспана беріпті. Заңды түрде шешім шықпай, қолымыздан ештеңе келмейді деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

 

Қызыл жалын құшқан үйдің тұрғындарының басым бөлігі туған-туысқандарын паналап кеткен. Алты отбасыға ғана әкімдік әлеуметтік жағдайларын ескере отырып уақытша пәтер беріпті. Өрт болмас бұрын токтың ескіргенін айтып, жұртшылық бірнеше рет жауаптыларға жолыққан екен. Бұдан еш нәтиже болмаған көрінеді.

 

«Бұл үйлер ешқандай мекеменің бақылауында тұрған жоқ. Бізде пәтер иелері кооперативі де жоқ, түк жоқ. Бұл үйлерді біреу қарауы керек еді ғой. Оның үстіне бізде бәрі ортақ. Үйімізді ешкім тексерген жоқ. Ток ешқашан бір қалыпты болған жоқ, үнемі өшіп қала береді немесе тым артып кетеді», – дейді қала тұрғыны Елена.

 

«Тағы бір барғанымызда, «сендерге ешқандай ештеңе берілмейді, өз күштеріңмен шешіңдер» деді. Бұл жерде ағайын-тумасы жоқ адамдар, кәрі немесе аурушаң, сондай-ақ көпбалалы кісілер бар, біздің өз күшімізбен салатын жағдайымыз жоқ. Бізді далаға тастамай, үй беруін сұраймыз. Талап етеміз. Біздің барар жер, басатын тауымыз жоқ», – дейді тағы бір тұрғын Алтынай Ахметова.

 

22 тамызда осы үйдің төбесіндегі тоқтан ақау кетіп, бүгінде 11 үйдің 70-ке жуық тұрғыны баспанасыз жүр. Алайда күн жылынбай, заңды түрде шешімі келмей, біздің қолымыздан ештеңе келмейді» деп отыр. Егер заң жүзінде үй беру мәселесі қарастырылмаса, халық тек белсенділерден ғана үміт күтетінін жеткізді.

 

«Көшіру мәселесінің заңдық негізін қарап жатырмыз. Егер заңда өзгерістер болып жатса, көшіру мәселесін бастайтын боламыз. Ал егер де күн жылынған мезгілде болмай жатса, онда демеушілер іздестіреміз», – деді қалалық ТҮКШ тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

 

Үйлердің 80 пайызға жуығы іске жарамсыз болып танылыпты. Ал өрттің шығуына тұрғындардың бірі кінәлі деп қорытынды шығарылған екен. Ал тұрғындар бәріне ортақ жабылған төбеге бір адамды айыптау дұрыс емес дегенді алға тартады. Енді қыстан амалдап шықса, арғы жағын қарастырамыз деп әкімдік шешімді тұрғындар тарапына қарай бағыттағысы келетінін жасырмады.