Әйел мен кішкентай баланы мерт қылған жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті

18 сәуір 2018, 18:30

Алматы-Бішкек тас жолында әйел адамды кішкентай баласымен бірге көлік қағып, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Әйел адам да, бала да оқиға орнында мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға кеше түнде болған. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтыс болған адамның кім екені әлі белгісіз.

«Қазір аталған факті бойынша Алматы облысының ІІД және Қарасай аудандық ІІБ полицейлері оқиға орнынан қашып кеткен көліктің иесін іздестіріп жатыр. Машинаның ізімен іздестіру жұмыстары жалғасуда. Ал әйел адамның жеке тұлғасы әлі анықталмады. Бала да әйел де оқиға орнында қайтыс болған», деп мәлім етті Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Полицейлердің мәліметінше, мерт болған әйел шамамен 35-40 жаста. Көлік апаты Алматы-Бішкек тас жолының 27 шақырымында болған.