Бар құпия ашылды: туған күнінде үйге ерте келген Баянауыл тұрғыны әйелінен таяқ жеді

23 желтоқсан 2021, 17:16

Павлодар облысында туған күнінде үйіне ертерек келген Баянауыл ауданының тұрғыны әйелінің көңілдесі бар екенін біліп қойған. Ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, әйел күйеуінің бетінен оқтаумен бірнеше рет ұрған, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға 19 желтоқсан күні болған. Баянауыл тұрғыны іссапардан айтылған уақыттан ертерек оралып, туған күнін атап өтпек болған. Айтуынша, ол осылайша жарын қуантқысы келіпті. Алайда ауыл тұрғыны үйге кірген бойда әйелін көңілдесімен ұстап алған.

Полицейлердің мәліметінше, ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, әйел қамыр жаятын оқтаумен күйеуінің бетінен бірнеше рет ұрып жіберген.

Осыдан кейін жәбірленушіге ауруханаға баруға тура келген. Ауыл тұрғынына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабына сәйкес (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұл бап 15 АЕК (43 755 теңге немесе шамамен 100 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды қарастырады. Материал Баянауыл аудандық сотына жіберіледі.

sputnik.kz