Батыс Қазақстанда ауылда екі жасөспірімді көлік қағып кетті

22 мамыр 2021, 04:27

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі екеуінің де миы шайқалып, бассүйек-ми жарақатын алғанын хабарлады

Батыс Қазақстан облысының Круглоозерный ауылында көлік жүргізушісі екі жасөспірімді қағып кетті. Олар түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, түскі екі шамасында "Лада Калина" автокөлігінің 49 жастағы жүргізушісі балалар алаңы маңында жүрген 11 жастағы екі баланы қағып кеткен.

"Жарақат алған балалар ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деп хабарлады полиция.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі екі жасөспірімнің де миы шайқалып, бассүйек-ми жарақатын алғанын хабарлады. Сонымен қатар бір баланың басы (төбе аймағы) мен іші жарақаттанған.

Жасөспірімдер облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.