Бестөбе кен орнынан тағы бір адамның мәйіті табылды

25 шілде 2022, 20:32

Ақмола облысындағы Бестөбе алтын кенішіндегі шахтадан заңсыз алтын іздеумен айналысқан адамның мәйіті табылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.

«Бүгін Бестөбе кенішіндегі «Западная» шахтасынан 610 метр тереңдікте жүргізілген тексеріс барысында 3 адам табылды. Оның бірі өлі күйінде табылса, екіншісі түрлі дене жарақатын алған», - деді «Алтыналмас» АК» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі өкілдері.

 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шахтадан табылған адамдардың екеуі Заводской ауылының тұрғындары, үшіншісі Жаңа Қарабұлақ ауылының тұрғыны.

 

«Шахта ішінен табылған адамдардың барлығы да Бестөбе кенішінің жұмысшылары емес. Үшеуі де бірнеше рет, соның ішінде күзетілетін нысандарға заңсыз кіргені үшін жауапқа тартылған», - деді АҚ өкілдері.

 

Кейінірек аталған үш адамның алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқаны белгілі болды. Оларды шахта ішінде опырылған тас үйіндісі басып қалған.

 

Аталмыш шахтаның жұмыс істемей тұрғанына бір жылдай уақыт болған. Іші жерасты суына толы, сондай-ақ желдету және басқа да инженерлік жүйелері істен шыққан. Сондықтан шахтаға кіру адам өмірі үшін қауіпті.

 

Бұған дейін Бестөбе кенішінен ауыл тұрғынының мәйіті табылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.