Биыл әуе және темір жол бағытында 19000 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген

07 маусым 2022, 18:19

Жыл басынан бері түрлі құқықбұзушылық жасағандары үшін жолаушылар пойызы мен ұшақтардан 701 азамат түсірілген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Бұл жөнінде Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов мәлім етті.

 

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері департаментте 19 209 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

 

Сондай-ақ қаңтар және мамыр айлары аралығында көлік полицейлерімен түрлі құқықбұзушылық жасағандары үшін жолаушылар пойызы мен ұшақтардан акті бойынша 701 азамат түсірілді, оның 437-сі жолаушылар пойызынан, ал 264-і әуе көлігінен.

 

Мәселен, 4 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Дубай – Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсінен акт бойынша тәртіп бұзған әйелді түсірді. Тексеру барысында полицейлер әуе кемесінің бортында темекі өнімін тұтынған 21 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасын анықтады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441 бабы 1-2 бөлігімен, яғни, әуе кемесінің бортында темекі өнімін тұтыну бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 153 150 теңге көлемінде айыппұл салынды.