БҚО-да тұрғындар қақпаннан сытылып шыққан қасқырды тірідей ұстап алды

18 ақпан 2022, 11:52

Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданында ауыл тұрғындары қыс бойы жергілікті шопандарды аңдыған қасқырды тірідей ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Жыртқыш күндіз де шопандар мал жайған жерлерге жақындап келген. Ел-жұрт мал қамын ойлап, тұзақ  құрған. Бірақ аң одан сытылып кеткен. Соңында жыртқышты қарда жүретін көлікпен қуып, ұстаған.

Мамандардың айтуынша, өңірде қыс жылы болғандықтан қасқыр көбейген. Ауа райы қолайлы болса, тіпті әлсіздері де аман қалады. Әдетте, олар адамдар жүретін аймақты торуылдайды, себебі осылай азық табу оңайырақ.

Биылғы маусымда облыс қасқыр атуға шек қойды (196 қасқыр).

"Облыс бойынша ғылыми ұйымдар мәліметінше, 1000-ға жуық қасқыр бар, ал 2022 жылға арналған биологиялық негіздеме бойынша малға шабуыл жасалғаны анықталған жағдайда ату жүргізіледі. Бүгінде жергілікті атқарушы органдарда қасқырлардың малға шабуыл жасау фактілері бірнеше рет тіркелді", - деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арман Ізімғалиев.