Елордада бір күнде 119 адам төтенше жағдай режимін бұзды - қала комендатурасы

16 қаңтар 2022, 21:15

Елордада бір күнде 119 адам төтенше жағдай режимін бұзды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала комендатурасына сілтеме жасап.

 

Соңғы бір тәуліктің ішінде елордада коменданттық сағат режимін бұзған 5 кәсіпкерлік нысан анықталған.

 

"Түнгі сағат 01.06-да Абай көшесінде орналасқан "Brio" караоке клубында коменданттық сағатты бұзу фактісі анықталды. Ойын-сауық мекемесінде 15 клиент болған. Аталған мекеменің екінші қабатында келушілер бильярд ойнап, бос уақытын өткізген. Барлық тәртіп бұзушылар "Сарыарқа" ауданының полиция бөліміне жеткізілді", - дейді тәртіп сақшылары.

 

 

Тәртіп бұзған адамдарға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Клбуты лицензиясынан айыру мәселесі қаралып жатыр. Заң бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.

 

Жалпы, қалада бір күннің ішінде 119 адам төтенше жағдай режимін бұзған. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Процессуалдық шешімді сот қабылдайды.

 

Елорданың комендатурасы коменданттық сағатты бұзбауға үндеп отыр. Сондай-ақ азаматтардың тәртібі мен тыныштығын сақтау қажеттігін ескертеді.

 

Айта кетері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ескерту жасалады немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш (30 630 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады, я болмаса, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылады.