Ит қапқан бала бір жылдан кейін құтырма ауруынан қайтыс болды

18 сәуір 2022, 18:47

14 жастағы жасөспірімнің өліміне себеп болған оқиға Түркістан облысында орын алған.  Алдын ала болжам бойынша жасөспірім құтырма ауруынан көз жұмған. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі Санитариялық - эпидемиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Ата-анасының сөзіне сүйенсек, өткен жылдың мамыр айында ұлының аяғын ит қауып алған. Алайда ата-ана баланы дәрігерге көрсетпей, өз беттерінше үйде емдеген. Арада 1 жылға жуық уақыт өткен соң жасөспірімнің бойынан қорқыныш, үрей, дене температурасының жоғарылауы, сүйектер мен жарақат алған жердің ауыруы, су ішу кезінде ауаның жетіспеушілігі және жалпы әлсіздік сияқты симптомдар пайда бола бастаған.

 

Келесі күні олар тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген, дәрігерлер оған сүйек ауруына қарсы емдеу тағайындаған. Осыған қарамастан баланың жағдайы нашарлай берген. Бала бел тұсындағы ауруларға шағымдана бастайды. Баласына ем-дом іздеген ата-ана жеке клиникаларға ғана емес, дәстүрлі емес медицина өкілдеріне де жүгінген. Кейінірек жасөспірімнің бүйрегі қабынғаны анықталып, соған сәйкес ем алған. Бірақ баланың жағдайы оңалмаған. Балада ентігу, гидрофобия, аэрофобия пайда болған.

 

«Жағдайы күрт нашарлаған баланы 10 сәуірде жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға апарып, жұқпалы аурулар бөлімінде оған құтырма диагнозы қойылды. Сол күннен бастап барлық отбасы мүшелері медициналық бақылауға алынды. Алайда сегізінші сынып оқушысын аман алып қалу мүмкін болмады. Ол келесі күні – 11 сәуірде көз жұмды», делінген хабарламада.