Жамбыл облысында тұрғындар жаппай қару-жарақ өткізіп жатыр

14 қаңтар 2022, 19:37

Жамбыл облысында тұрғындар жаппай қару-жарақ өткізіп жатыр. Бұған дейін аймақтың коменданты қару мен оқдәріні өз еркімен тапсырғандар жазаға тартылмайды деген. Содан бері 102 нөміріне Тараз қаласы мен аудандардан толассыз қоңырау түсіп жатқан көрінеді.

 

Осылайша бір тәулікте тәртіп сақшылары 40-тан аса қару мен оқ-дәрі қабылдаған. Арасында анонимді ақпарат берумен шектелетіндері де бар.

 

Мәселен қоңырау шалған қала тұрғыны қарудың жатқан жерін ғана айтқан. Мекен-жайға шұғыл жеткен құзырлы мекеме өкілдері үш калашников автоматы мен гранатамет тауып алыпты.

 

Қазір қауіпті заттар сараптамаға жіберілген.

 

Бақыт Ратаев, облыс коменданты:

 

-Қаруды, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оны ерікті түрде полицияға тапсырған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. Құпиялыққа кепіл беріледі.

 

 

 

24.kz