Жамбыл облысындағы жарылыстар тағы да жұрттың үрейін ұшырды

07 маусым 2022, 20:10

Әскери бөлімге жақын жатқан елді мекендердің халқы жыл соңына дейін осындай жағдайда күн кешпек, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Былтыр апат болған Байзақ ауданындағы әскери бөлім маңынан шыққан қатты дауыс тұрғындардың зәре-құтын қашырған.

 

Себебі, аймақта былтыр апат кезінде жарылмай қалған оқ-дәрілердің қалдықтары жойылып жатыр екен. Әскерилер бұл процестің адамдарға да, жан-жануарларға да зияны жоқ деп сендіреді. Жарылыстар жайлы жақын маңдағы тұрғындардың бәріне ескертіліпті. Бұл жұмыс қараша айына дейін жалғасады.

 

Жару жұмыстары дүйсенбіден жұмаға дейін өткізіледі. Жақын жердегі елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аз-аздан жарып жатырмыз. Бір жарғандағы тротилдің салмағы 600-700 келі шамасында, — дейді әскери бөлім командирі Еркін Әбсадықов.

 

Әскерилер қауіпсіздік талаптары толығымен сақталғанын айтады. Жою жұмыстары аптасына бес күн, таңертеңгі сағат 9.00-дан кешкі 18.00-ге дейін жүргізілмек.

 

Бұл жаңалық әскери қоймаға жақын жатқан ауылдардың тұрғындарын қуанта қоймады. Себебі олар былтырғы жойқын жарылыстар төндірген қауіпті әлі ұмыта қойған жоқ.

 

 

Еске сала кетейік, былтыр Байзақ ауданындағы қару-жарақ қоймасында жойқын жарылыс болып, 17 адам ажал құшқан еді. Бір әскериден әлі күнге дейін хабар жоқ. Төтенше жағдайдың себебі де әзірге айтылмады.