Жаңаөзенде тұрғын үйде жарылыс болды

19 қараша 2018, 16:21

16 қарашада Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орналасқан тұрғын үйде жарылыс болды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы директорының Бірінші орынбасары Ернұр Ибраевтың айтуынша, дәл сол үйге газ жүргізілмеген, газ үйдің ауласындағы шағын үйге жүргізілген, сол жерге газ пеші орналастырылған. Тұрғын үй осы пеш арқылы жылытылған. Жарылыс кезінде шағын үйге зиян келмеген.


Жарылыс болған жердегі үйінділерді тазалаған кезде қабырғаға жасырылған газ құбыры анықталды. Оны бұған дейін газ мамандары көре алмаған. Яғни, үлкен үйге газ құрылғысы заңсыз қойылған деген болжам бар.
Сондай-ақ жарылыстың себептерін анықтау кезінде жер асты газ құбыры тексерілді, бұл құбыр ережеге сәйкес үй қоршауынан 4 метр қашықта орналасқан. Бұл болаттан құйылған газ құбыры 2005 жылы жергілікті әкімдіктің тапсырыспен салынған болатын. Біраз уақыттан кейін газ құбырының астына су құбыры жүргізілді. Осы құбырлардың қиылысқан тұсында механикалық ақау анықталды, осының салдарынан газ құбырына зақым келген. Құбырдың зақымдалған тұсы сараптамаға алынды. Естеріңізге сала кетейік, жарылыс кезінде 3 адам зардап шекті. Қазіргі таңда төтенше жағдайға не себеп болғанын анықтау үшін сараптама жүргізіліп жатыр.


«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметі