Жауған оқтың астында қалған: Алматылық кәсіпкерлер қиын күндерде халықты қалай ыстық тамақпен қамтамасыз еткендерін айтты

11 қаңтар 2022, 10:51

Алматы қаласындағы террористердің шабуылы жергілікті бизнес өкілдеріне үлкен шығын әкелді. Алматылық кәсіпкерлер елімізге төнген қиын уақытта отаны үшін күресіп жүрген қызметкерлерді қалай тамақпен қамтамасыз еткендері туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бизнес өкілдері мен билік қызметкерлері қатысқан баспасөз конференциясы Ланджоу ресторандар желісінің бірінде өтті.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының мәліметінше, қаладағы төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап қаржы жинау басталып кеткен. Алғашқы қаржыны "Атамекен" басшылығы аударып, олар әскерилер мен полицейлерді жедел түрде азық-түлікпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ ауруханаларға азық-түлік жеткізуді тапсырған.

Баспасөз конференциясында ҚР қоғамдық тамақтандыру қауымдастық төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова "Манар" кафесі мен Ланджоу ресторандар желісінің қөрсеткен көмектері туралы тоқталып өтті.

"Біз Алатау, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Наурызбай ішкі істері органдарын, жетінші және төртінші аурухананы, жедел-жәрдемді, ҰҚК госпиталін, Басеновадағы перзентхананы, Арлан мен ҰҚК спецназдарын тамақпен қамтамасыз еттік", - деді Нұрпейісова.

Ерікті-курьерлер ретінде кәсіпкерлердің өздері болып, олар тіпті бірнеше рет жауған оқтың астында қалған. Алайда бақтарына орай жапа шекпеген.

"Біздің еріктілер шабуылдаушылармен бетпе-бет жолықпағанымен, жетінші аурухана мен Басеновадағы перзентхана маңында болған атысқа тап болған. Олар сол маңда тығылып отырып, атыстың аяқталуын күтіп, содан кейін ғана тамақты жеткізуге кіріскен", - деді Вероника Нұрпейісова.

Баспасөз конференциясына қатысушылар өздері талан-таражға түскеніне қарамастан, көмек қолын созған Сбербанк пен Small дүкендеріне алғыстарын білдірді. Алғашқы күндерде нан мен су қорлары тапшы болғандықтан, олар өте өзекті болған. Сондай-ақ олар ауыз су жеткізуге көмектескен "Vita" компаниясына да рахметтерін айтты.

Қазіргі уақытта палатаның аудандық басшылары ауруханалар мен жедел штаб өкілдерінен кімге қандай көмек қажет екенін сұрастыруда, деп түсіндірді "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының Алматы қаласы бойынша өкілі Нариман Ибрагимов.

Ланджоу ресторандар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майгарина өз кезегінде ешбір қиындыққа қарамастан жұмысқа шығып, шаршауды білместен террористермен күресушілерге сонымен қатар дәрігерлер мен науқастарға арнап тамақ дайындап жүрген қызметкерлеріне алғысын жаудырды.

Бизнеске келген шығын

Сарапшылар алматылық кәсіпкерлерге келген шығын орасан зор екенін сенімді екендерін білдірсе де, нақты сандарды әлі айта алмайтындарын жеткізді. Сөздерінше, мәліметтер әлі де жинақталуда. 

Вероника Нұрпейісованың айтуынша, пандемия қоғамдық тамақтандыру орындарына 2-3 жылға созылардай зиян келтірген. Ал өңірдегі соңғы жағдайлар бұл көрсеткішті тіпті 5 жылға дейін созып жіберген.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Алматыда 40-45 қоғамдық тамақтандыру нысаны зақымданған, олардың әрқайсысына келген шығын 2 миллион теңгеден асып жығылады.