Желіге "полицейлер ішіп алып рөлге отырған прокурорды ұстады" деген видео тарады

24 қыркүйек 2022, 21:27

Әлеуметтік желіде Жетісу облысының Текелі қаласындағы патрульдік полицейлердің ішіп алып көлік тізгіндеген прокурорды ұстады делінген видео тарады. Ондағы мәліметке сүйенсек, тәртіп сақшылары медициналық куәландырудан бас тартқан жүргізушіні жібере салған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Instagram-дағы @kris_p_astana паблигі жариялаған видеода қызметтік формадағы үш полицейдің ер кісіні қолынан жетектеп ғимаратқа алып кіріп жатқан сәтін көруге болады. Бұл сырттағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

 

Ғимарат ішінде түсірілген бейнежазбада тәртіп сақшысының бірі әлдекімнің қызметтік куәлігіне қарап құжат толтырып отырады. Осы сәтте ер кісі оның артынан құшақтап, хаттама толтыруына кедергі келтіреді. Видеодағы жазбадан бұл сәт 21 қыркүйек күні түнгі сағат 03.46 шамасында түсірілгенін байқауға болады. Көп ұзамай ғимарат ішінен тәртіп сақшылары да, ішімдік ішті деген ер кісі де шығып кетеді.

 

"Бізге осындай хат келіп түсті: Ішімдік ішіп көлік тізгіндеген Текелі қаласы прокуратурасының қызметкерін полицейлер ұстаған. Осыдан кейін тәртіп сақшысының біріне егер ер кісіні жібермесе, оларды әлдекім тексеруге баратынын айтқан. Ұсталған ер адамда Текелі қаласы прокуроры орынбасарының қызметтік куәлігі болған. Алкогольдік ішімдік ішкен не ішпегенін анықтау үшін сынақтан өтуден бас тартқан оны полицейлер жібере салған", — делінген желіде жарияланған жазбада.

 

Видеоны желі қолданушылары қызу талқылап жатыр. Көбі полицейлер басшылықтан келген тапсырманы орындауға мәжбүр болған деген пікір айтыпты.

 

 

Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі видеоның Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде түсірілгенін растады.

 

21 қыркүйек күні патрульдік полиция қызметкерлері ер адамды медициналық куәландыруға жеткізді. Оның прокуратураға немесе басқа құқық қорғау органдарына қатысы бар-жоғы анықталуда, — деді ПД баспасөз қызметіндегілер.

 

Жетісу облысының прокуратурасы бейнежазбаға қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.