Қарағанды облысында алты жасар қызды ит талап өлтірді
Сәтпаев қаласында алты жастағы қыз аулада ересектердің қарауынсыз жүріп, иттердің ортасында қалып қойған
Сәтпаев қаласында саяжай аумағында итке таланған бүлдіршіннің мәйіті табылды. Қалалық полицияның кезекші бөліміне бұл туралы 15 қараша кешкі сағат 17.00-де "жедел жәрдем" қызметкерлері хабарлаған.
"Оқиға орнына барған дәрігерлер баланың қайтыс болғанын анықтады", &ndash деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Содан кейін ол жерге жедел-тергеу тобы келген. Анықталғандай, қыз ата-анасымен бірге саяжай аумағындағы үйлердің бірінде тұрған. Сол күні бала ересектердің қарауынсыз жүріп, ауладағы иттердің ортасында қалған.
Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі кезде сараптама тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ветеринарлық қызметке иттерді аулау туралы бұйрық берілді.