Қарағандылық судья карантин кезінде той өткізді - БАҚ
Қарағандыда болған тойдың видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Кадрларға қарағанда, Қарағанды облыстық сотының судьясы анасының мерейтойын қаланың беделді мейрамханаларының бірінде өткізген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап. 
"Барлығын күтпеген қонақтар - мобильді топ бүлдірді. Қарағанды облыстық сотының судьясы Естай Исабеков мобильді топ мүшелерімен "сен" деп сөйлеседі, полицейден маскасын шешуді талап етіп, мекемеде прокурорлар да демалып отырғанын мәлімдеді", - деп жазылған басылымда.
Портал мәліметіне қарағанда, оқиға шамамен бір ай бұрын болған.
"Бір таңғаларлығы, осы уақытқа дейін мобильді топтар заңбұзушылармен күресте мұндай жетістігін көпшілікке бөліскен жоқ. Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының деректер базасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жоқ", - деп хабарлады басылым өкілі.