Көкшетаулық ару құрбысының атынан 1 миллион теңгеден астам несие алған

20 мамыр 2021, 19:53

«Манимен» шағын несие ұйымының онлайн несие беретінін «оңтайлы» пайдаланған әйел, өз құрбысын тақырға отырғызған.

 

Көкшетау қалалық полиция басқармасына 19 мамыр күні 23 жастағы жергілікті тұрғын арыз берген. Оның айтуынша құрбысы өзін алдап, 75 мың теңге онлайн несие рәсімдеген.

 

«Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі іс бастады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер зардап шеккен адамның  25 жастағы бұрынғы құрбысын анықтады. Ол өз кінәсін толықтай мойындады. Күдікті бұған дейін де зардап шегушінің келісімімен 1 млн теңге сомасында ақшалай кредит ресімдеген болып шықты. Алайда ақшаны алғаннан кейін несиені төлемей кеткені анықталды», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

 

Зардап шеккен адамның барлық құжаттарын жасырын түрде қол жеткізіп алған ол, құрбысының атына тағы онлайн-қарыз ресімдеген. Интернеттегі несиеден зардап шеккен адамның шотына түскен ақшаны күдікті оған біреуден алған ақша түсетінін айтып сұрап алған.

 

Қазір әйел уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Тергеу амалдары жалғасуда.