Қостанай облысында қарттар мен мүгедектерге арналған мекеме өртенді

07 қазан 2021, 08:53

 Қостанай облысындағы Қарабалық ауылында қарттар мен мүгедектер үйі отқа оранды.   Мамандардың айтуынша, өрт ғимаратқа жапсарлас тұрған моншадан шыққан. Желдің екпінімен негізгі корпустың шатырын шарпыған. Қабырғасы қамыстан өрілген ғимараттың жарты бөлігі жанып кетті. Таңертең тұтанған отты өрт сөндірушілер  түстен кейін әрең өшірген.  

 

Біржан КӘРІМОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТЖД БАСШЫСЫ:

 

- Өрттің себеп-салдарын  анықтау әзірге мүмкін емес. Зертханада арнайы сараптама жүргізіледі. Соның қорытындысына  сүйене отырып өрттің шығу себептерін алдын-ала айтуға болады.

 

Интернаттан  51 адам эвакуацияланды. Оның он екісінің мүмкіндігі шектеулі.

 

Өрттен зардап шеккендер жоқ.

 

Қарабалық ауданы әкімінің айтуынша,  қарттар мен қамкөңіл жандар өңірдегі өзге интернат үйлеріне  орналастырылған.  

 

Руслан ХАЛЫҚОВ, ҚАРАБАЛЫҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: ­­­

 

- Орталық тұрғындарын Федоров және Қарасу аудандарында орналасқан медициналық –әлеуметтік орталықтарға орналастырдық. Ешкім далада қалған жоқ. Ғимарат 1938 жылы салынған. 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Ғимаратты енді  бұзамыз ба? Әлде қайта қалыпқа келтіреміз бе? Мамандардың қорытындысы бойынша  шешім қабылдаймыз.

 

 

 

 

astanatv.kz