Қостанайда қару-жарақ дүкеніндегі жарылыс себебі аталды

04 қазан 2022, 14:32

Бас прокуратура Қостанайдағы "Оружейная палата" дүкеніндегі жарылыс пен өрттің себебін атады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бас прокуратура мәліметінше, 3 қыркүйекте Қостанайда болған "Оружейная палата" дүкеніндегі жарылыс және өрт фактісін тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

 

"Тергеуде дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан "Сокол" маркалы 40 келі оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алғаны анықталды.

Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс орын алған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған. Сарапшылар жарылыстың себебі оқ-дәрінің тұтануы, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді", - делінген хабарламада.

 

Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатқаны айтылды.

 

Еске салайық, өрт салдарынан 11 адам зардап шекті, оның 4-еуі қаза болды. Олардың бәрі дүкен қызметкерлері. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер де зақымданды.