Құм астында қалған екі павлодарлық құтқарылды

29 сәуір 2022, 09:44

Үш метрлік шұңқырда құм астында қалған екі павлодарлық құтқарылды. Оқиға су құбыры үшін ор төсеу бойынша жер жұмыстарын жүргізу кезінде болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

 
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға яғни 28 сәуір күні сағат 14:06-да болған.

«112» пультіне Кисловодская 77 мекенжайы бойынша зардап шеккендер туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына 7 құтқарушы мен Апаттар медицинасы орталығының бригадасы шықты. Мұнда су құбыры үшін ор төсеу бойынша жер жұмыстарын жүргізу кезінде екі ер адамның құммен көмілгені анықталды. Құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп 1970 және 1976 жылдары туған ер адамдарды жердің астынан қазып алу және шығару бойынша жұмыстарын жүргізді, - делінген хабарламада.
Ер азаматтарға апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетті және «103» қызметіне тапсырылды.

45 жастағы павлодарлық облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, миының шайқалуы диагнозы қойылған. Ұзақ уақыт қысылу синдромы анықталған.

"Оның асфиксияға байланысты жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр", - деп толықтырды ведомство.
Екінші жәбірленуші өзін қалыпты сезінеді, дейді дәрігерлер. Оны амбулаториялық емдеуге жіберді.

 Павлодар облысының ТЖД барлық азаматтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. 

azattyq-ruhy.kz