Қылмыс әлемінің серкесі полициядан 3 млн теңге талап етті

28 қыркүйек 2021, 23:59

“Рафаэль Шымкентский” лақап атымен танымал Рафаэль Бикбаев 7 айдан астам уақыт темір торда жазықсыз отырғанына байланысты полицейлердің үстінен арыз түсірді. Ол моральдық өтемақы ретінде 3 миллион теңге талап етіп отыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Inbusiness.kz басылымының жазуынша, Еңбекші аудандық соты Рафаэль Бикбаевтың арызына қатысты азаматтық іс жүргізуді бастаған. Қылмыс әлемінде "Рафаэль Шымкентский" лақап атымен танымал азамат ешқандай дәлел болмаса да 2006 жылы заңсыз есірткі сатумен айналысты деп 7 айдан астам уақыт түрмеде отырғанына полицейлерді кінәлайды.

 

Ол моральдық және материалдық өтемақы ретінде өзін заңсыз темір торға отырғызған полицейлерден 3 миллион теңге талап етіп отыр.

 

Шымкент және Түркістан облысында қылмыстық топты басқарған Рафаэль Бикбаев қазір түрмеде отырғанын айта кетейік.

 

Бикбаев 2020 жылы Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен Шымкентте тігін фабрикасын салған оңтүстік кореялық кәсіпкерден 50 000 доллар талап еткені үшін айыпты деп танылып 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.