Маңғыстауда жоғалған жігіт Ресейден табылды

17 қаңтар 2022, 18:23

Маңғыстауда ҚАЖД қызметкерлері анасына жоғалған ұлын табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бір күнде жоғалған Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан тапты.

 

Желтоқсан айында Ф. Апраксин атындағы Каспий теңіз және өзен көлігі институтының 20 жастағы студенті жоғалғаннан кейін туыстары оны өз бетінше табуға тырысты.

 

ЖОО студенттің жоғалғаны туралы өтінішпен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына жүгінді және іздеуге Астрахань қаласының еріктілері де қосылды.

 

Сонымен қатар, туыстары тек Ресейде ғана емес, Қазақстан аумағында да құқық қорғау органдарымен байланысты барлық адамдардан көмек іздей бастады.

 

Баланың жоғалғаны туралы естіген бойдан департаменттің ГМ-172/10 мекемесінің бастығы Есболат Ағлепесұлы мен ҚАЖД пробацияқызметіне басшылық ету бөлімшіесінің аға инспекторы Ғабит Чутабеков өз күштерімен келесі күні Қазақстан азаматын іздеп тапты, ал оның тұрғылықты жері мен байланыс туралы ақпаратты Ресейдегі туыстары мен құқық қорғау органдарына берді.

 

 

Сонымен, жоғалған Сергей Ханты-Мансийск автономиялық округінің Сургут қаласында табылды.

 

Кейін анасы мен ұлы кездесіп, туған қаласы Ақтауға келді.

 

Табылған студенттің анасы Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД басшылығына, қызметкерлеріне қырағылық пен жеделдік танытқаны үшін алғыс айтты.