Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы ұшақта жолаушы көз жұмды

27 сәуір 2022, 18:28

Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы ұшақта жолаушы көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі тілшісі FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Оқиға он күн бұрын, 17 сәуірде болды. Нұр-Сұлтаннан Шымкентке бет алған КС7327 рейсінде жолаушы өзін нашар сезінген. Оның тынысы тарылған. Бортсеріктер ұшу қауіпсіздігі ережесіне сәйкес борттағы жолаушылар арасынан дәрігер іздеген.

 

"Жолаушылар арасында болған медициналық қызметкерлер қол ұшын беруге дайын болды. Науқас жолаушыны тексеру кезінде оның жүрегіне жуырда ота жасалғаны анықталды. Дәрігерлер лезде жақын маңдағы әуежайға қонуға кеңес берген", –  делінген FlyArystan компаниясы.

 

Ұшақ дереу Нұр-Сұлтан әуежайына қайтып оралды. Жедел жәрдем бригадасы жолаушыны тексеру үшін ұшақ бортына көтерілген.

 

"Дәрігерлер жолаушының тамырын тексерді, алайда электрокардиограмма жүректің тоқтап қалғанын көрсетті", –  деді әуе компаниясының баспасөз қызметіндегілер.

 

FlyArystan әуе компаниясы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады.