Нұр-Сұлтанда екі оқушы үш күннен бері табылмай жатыр

30 шілде 2021, 23:11

Жоғалған балаларды іздеуге еріктілер қосылды. Адамдар әлеуметтік желіде ақпарат таратып, куәгерлерді іздестіруде

Нұр-Сұлтанда полицейлер екі ұл баланы үш күннен бері іздеп жатыр.

Елорда полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшыларына балалардың жоғалып кеткені туралы ақпарат 28 шілдеде сағат 22:50 -де түскен.  

"11 және 9 жастағы балалар Севастопольский тұйық көшесінде орналасқан үйдің ауласынан белгісіз бағытта шығып кеткен. Осы уақытқа дейін олардың қайда екені белгісіз. Анасы балалар жоғалған күннің ертеңінде полицияға хабар берген", - деп атап өтті елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің жеке құрамы кәмелетке толмаған балалардың жүрген жерін анықтауға бағытталған іздеу және тексеру іс-шаралар кешенін қолға алды.

Полицейлер еріктілермен бірге балалар жоғалған аумақта үйлерді, кіреберістерді, жертөлелерді, шатырларды, аулаларды, дүкендер мен кәріз құдықтарын тексеріп жатыр.

sputnik.kz