Өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған атыраулық куәлікті қайта алған

09 маусым 2022, 08:28

Өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған атыраулық куәлікті қайта алған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Атырау қалалық прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, уәкілетті органның көлік басқару куәліктерін беру заңдылығына талдау жүргізілген.

 

Талдау кезінде жолда құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты көзделген. Нәтижесінде сот үкімімен көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылған тұлғаларға жүргізуші куәлігін қайтадан беру дерегі анықталып отыр.

 

Осыған байланысты прокурорлық қадағалау актісі негізінде жауапты тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.

 

«Сот үкімімен Атырау қаласының тұрғыны көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған. Алайда, оның Алматы қаласының әкімшілік полиция басқармасы арқылы көлік басқару куәлігін заңсыз алғаны анықталды. Осы дерекке қатысты жинақталған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолданды», -дейді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.

 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда VIP нөмір иелері бюджетке 31,5 млн теңге шығын келтіргенін жазған болатынбыз.