«Өскеменде итке таланып өлді» деген қызға қатысты күтпеген мәлімет жарияланды

22 желтоқсан 2021, 00:44

Тәжірибелі кинолог қыздың аяғын төбет жұлып алмағанына бек сенімді, сондықтан полицейлерге бұл істің мән-жайына тереңірек үңілуге кеңес береді, деп хабарлайды Zakon.kz.

 

«Өскеменде итке таланып өлді» деген қызға қатысты күтпеген мәлімет жарияланды. Мәлімет дегеннен гөрі болжам дегеніміз дұрыс болар. Жеті қазынаның бірін өмір бойы баптап, оларды зерттеп келе жатқан маман «жеткіншектің өліміне жануардың қатысы жоқ» деген ойда, ол оқыс жайтқа қатысты мүлде басқа болжам келтіреді, делінген "Еуразия Еуразия" бірінші арнасының арнайы сюжетінде.

 

«Үй жануары адамды қауып, ал түз тағысы құрбанын орманға алып қашады» деген Нина Макерова жеті жастағы Машаның қазасын полицейлер жіті тексеруі керектігін айтады.

 

Кинолог Нина Макерова:

 

– Мен бұған сенбеймін. Қолға үйретілген, адамдармен тікелей қарым-қатынастағы ит бұлай істемейді. Таласа, айқай-шу болуы керек еді. Дұрыс қой? Бірақ оны ешкім естімеген. Қасқыр шапса, иттер үруі керек еді. Тынымсыз. Ал, қаңғыбас иттер қыздың аяғын жұлып алды дегенге сенбеймін. Күштері жетпейді.

 

Иттің табиғатын жақсы білетін маман «Машаның қасында ойнап жүрген үй жануары 7 жастағы қызға тап берді" дегенге де сенбейді. Оның пайымынша, мектеп жасындағы қыздың көз жұмуына басқа себеп бар.

 

Кинолог Нина Макерова:

 

– Мен ол жерде оқыс оқиға болды деп ойлаймын. Ойнап жүріп жарақат алды ма, не көлік қақты ма деп топшалаймын. Соққыдан аяқтың жұлынып кетуі әдбен мүмкін. Үйдегі ит оны таламаған, қозғалыссыз жатқан баланың денесін ол үйге қарай тартқан сияқты.

 

17-ші желтоқсанда Өскеменнің Лесхоз елдімекеніндегі қайғылы жайтты жергілікті полицейлер жан-жақты тексеруде. Бірақ 4 күн өтсе де, орган өкілдері  қандай да бір мәлімет  айтпай отыр.

 

Қалалық полиция Басқармасы бастығының орынбасары Руслан Өмірбекұлы:

 

– Ертіс полиция бөлімі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тиісті сот сараптамасы тағайындалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

 

Ал жаға ұстатқан жайттан кейін Өскеменнің қаңғыбас иттерін аулаушылар өре түрегелді. Жұмыстары қыза түскен мамандар 3-4 күнде 90-ға жуық үй жануарын ұстап, көзін жойған. Жалпы жыл басынан бері өңірдегі қараусыз ит пен мысыққа  бюджеттен  17 миллион теңге бөлінген.

 

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин:

 

– Қайғылы оқиғадан кейінгі 3-4 күнде осы Лесхоз поселкосы бойынша, Степной жағындағы екі күннің ішінде 85 ит ауланып, көзі жойылды. Қайғылы оқиға дәл иттерден екені әлі белгісіз, құққық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жасап жатыр.

 

Қайғыдан қан жұтқан марқұм қыздың анасы Дарья Орлова баласын қожайыны жоқ иттер немесе қасқыр талап кеткеніне сенімді. Ал марқұмның әпкесі полицейлер баланың неден мерт болғанын дер кезінде анықтаудың орнына тек ыңғайсыз сұрақтар қойып, құжат толтырумен болғанына нарзылық білдірген еді.