Павлодар облысында белгісіз заттан уланған жетінші адам қайтыс болды

30 мамыр 2022, 08:16

Павлодар облысында белгісіз заттан уланып, қайтыс болғандар саны жетіге жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мәлімет бойынша, марқұм 28 мамырда Ертіс аудандық ауруханасынан Павлодар қалалық №3 аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 48 жастағы ер адамды аман алып қалу мүмкін болмағанын айтты.

"Өкінішке орай, 29 мамыр күні таңертең белгісіз заттан уланған жеті науқастың соңғысы қайтыс болды", - деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасынан.
 
Еске салайық, Павлодар облысының Ертіс ауылында 7 ер адам белгісіз затпен уланды. Олардың бәрі ауыл тұрғындарының бірінде канистрде сақталған белгісіз сұйықтықты ішкен. Уланғандардың үшеуі үйде, тағы екеуі Ертіс ауданының аудандық ауруханасында қайтыс болды. Кейінірек тағы бір адам қайтыс болғаны белгі болды. Марқұмдардың арасында әке мен ұлы бар.

Аталған дерек бойынша полицейлер тексеріс жүргізіп, ауыл тұрғындарының денелері сот сараптамасына тапсырылды. Сондай-ақ, канистрдегі сұйықтық қалдықтарына сараптама тағайындалды.