Туыстары баланы үйге кіргізбей қойған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодарлық еріктілерге куәгерлердің бірі қоңырау шалып, бірнеше рет көршілерінде түнеуге мәжбүр болған жеті жасар қыз туралы айтқан.
- Кешкі он жарымда Екінші Павлодарда жаңбырдың астында тұрған қыз туралы естідік. Баланың айтуынша, оны үйіне кіргізбей қойған. Кейін оның шын айтып тұрғаны расталды. Бұл үйге тіпті ересектер де кіре алмады, - дейді VITA іздеу тобының жетекшісі Екатерина Кудрявцева.
Еріктілер ақпаратты білім бөлімі мен полицияға жіберген. Көрсетілген мекенжайға жеткен кезде бала көшеде табылмаған соң көршілерінің үйлерінен іздей бастаған. Үйлердің бірінен шыққан әйел қызды паналатқанын айтты.
– Қыздың үйіне әзер кірдік. Ол жерде әжесі мен тағы бір қарт әйел мас күйінде болды. Екеуі де ашуға мінген. Анасы үйде болмады, - деді Екатерина Кудрявцева.
Бүлдіршін облыстық қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығына жеткізілді.
Еріктілердің айтуынша, бүлдіршін анасының оны әжесіне жиі тастап, ұзақ уақыт бойы жоқ болып кететінін және әжесі көшеге қуып жіберетінін айтқан.
Екатерина Кудрявцеваның сөзінше, еріктілер аптасына осындай бірнеше хабарлама алады.
Естеріңізге сала кетейік, VITA мобильдік патрулі биылғы жылдың ақпан айында іске қосылған. Олармен тікелей Instagram аккаунтына немесе WhatsApp 8 747 615 5563 нөміріне хат жазу арқылы хабарласуға болады. Сонымен қатар, «109» телефоны арқылы тұрмысы нашар отбасылар туралы хабарлауға болады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.
Айта кетейік, қызды асырап алуға ниет білдірген бірнеше адам хабарласқан. Бірақ баланың алдағы тағдырын сот шешеді.