Павлодарда бапкер футбол манежінің төбесінен құлады

08 наурыз 2022, 12:44

Әлеуметтік желіде «Спорт Сити» қалашығындағы футбол манежінің төбесі түсіп, бапкердің құлап кеткені туралы видео тарады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

@tipavlo.dar парақшасындағы жазбаға «Ертіс» футбол бойынша АБЖОРМ пікір білдірді. Белгілі болғандай, оқиға 2022 жылдың 5 наурыз күні орын алған.

 

- «Ақсу» футбол орталығы командасының жаттығуы кезінде доп көкке ұшып, жаттығу залының шатыры мен екінші қабаттың төбесі арасына түскен. Жаттығу аяқталған кезде орталықтың қызметкері Қазбек Мамиленов құрылыстың қауіпті аумағына көтерілген. Қазбек Мамиленов төбедегі жұмсақ материалды басып қалған. Сондықтан төбедегі құрылғы мен бапкер құлаған, - делінген пікірде.

 

Мектептің хабарлауынша, футбол орталығының бапкеріне алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тексеру кезінде құйымшақтың зақым алғаны анықталды. Қазіргі уақытта бапкер өзін жақсы сезінеді.

 

- Оқиға орталық басшылығының тиісті бақылау жүргізбеуінен және бапкердің немқұрайлы қарауынан орын алды. Олар манеж басшылығына өз әрекеттері туралы ескертпеген. Аталған оқиғаға төбе құрылымының дұрыс салынбауы емес, тікелей бапкердің абайсыздығы себеп болды. Жаттығуды ұйымдастыру мен өткізуге «Ақсу» футбол клубы тарапынан директоры Ойрат Садуов пен әкімші де жауап береді, - делінген пікірде.

 

Сондай-ақ «Ертіс» футбол бойынша АБЖОРМ «Спорт Сити» қалашығындағы футбол манежінің құрылысын жүргізу кезінде мердігер барлық нормалар мен талаптарды сақтағанын атап өтті. Нысан 2019 жылы пайдалануға берілген.