Павлодарда түнгі клубта болған жанжалдың мән-жайы анықталды

06 маусым 2022, 23:33

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтардан өз сөздеріне абай болуды және қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрайды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

- 2022 жылғы 29 мамырда полиция басқармасының Оңтүстік полиция бөлімі ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша облыстың 29 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары дәл сол күні сағат 04.30-да Толстой көшесінде орналасқан түнгі клубта төбелес болып жатқанын анықтады. Қатысушылар анықталды, - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші  орынбасары Жасқайрат Қайыров.

 

Оның айтуынша, бір топ жігіттер мен бойжеткендер туған күнді атап өткен. Кейін қыздарды шығарып салу үшін сағат 04.30-да далаға шыққан, бірақ үш жігіт барға қайта барған.

 

Жігіттер қатты мас болған соң, күзетшілер оларды кіргізбеген. Ал олар  наразылық білдіріп, есікті теуіп, тарсылдата бастаған. Күзетші ескерту жасап, газ баллонын қолданған. Жігіттерге күзетшінің бұл әрекеті ұнамай қалып, олар әрі қарай клуб күзетшілерімен ерегесе бастаған. Нәтижесінде бес күзетші далаға атып шығып, келушілерге күш қолданған. 

 

 

- Аталмыш факті бойынша жауап берген жәбірленушілер болған оқиғаны растады. Бұл  жанжалда ұлтаралық араздық белгілері жоқ, - деді  Жасқайрат Қайыров.

 

Павлодар қаласы  полиция басқармасының Оңтүстік полиция бөлімі 29 мамырда күзетшілерге қатысты ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша  сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жанжал қатысушыларының екінші тарапына қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғады.