Қазақстанда шешен полициясының экс-басшысын нокаутқа жіберген сәт бейнеленген видеоға Нұр-Сұлтанның полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бұған дейін ресейлік БАҚ Шешенстан ІІМ Аргун қалалық департаментінің экс-басшысы Аюб Катаевтың Қазақстанда соққыға жығылғанын хабарлаған еді. Желіде тараған роликке қатысты Нұр-Сұлтан полициясы пікір білдірді.
Ведомствоның дерегінше, БАҚ беттерінде жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Кадрлар Нұр-Сұлтандағы кафелердің бірінің кіре берісіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Аталған оқиға осы жылдың 4 қарашасында болған. Іс "Бұзақылық" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Елордалық департаменттің мәліметінше, мән-жайды анықтау барысында 33 және 41 жастағы ер адамдардың сөзге келіп қалғаны белгілі болған. Салдарынан біріншісі екіншісінің бетіне жұдырық жұмсаған.
"Аталған оқиғаның қатысушылары Қазақстан азаматтары", - деді полиция.
Қазіргі уақытта күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Одан бөлек, ПД қолында тапаншаға ұқсас зат ұстаған оқиғаға қатысушы тағы бір адамның мекен-жайын анықтап жатқанын хабарлады.
Қажетті тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ беттерінде Шешенстан ІІМ Аргун қалалық департаментінің экс-басшысы Аюб Катаевтың түнгі клуб маңында соққыға жығылған видеосы пайда болған еді.