Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданына қарасты ауылдарға көктемнен бері аюлар бірнеше рет шабуыл жасаған. Әсіресе олар омарташылардың бал ұяларына жиі келген, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы inbusiness.kz сайты жазды.Мамандардың айтуынша, аюлардың ауылдарға жиі келуі жыртқыштар санының айтарлықтай өскенімен тікелей байланысты. Өйткені аюларды аңшылық маусымнан тыс уақытта атуға тыйым салынған.
Аңшы Сергей Осинцевтің айтуынша, қазір омарташылар дүние-мүлкін күні-түні күзетуге мәжбүр.
"Аюлар маза бермей тұр. Еңбегімізді еш кетірді. Омартаны түнімен күзетуге мәжбүр болып отырмыз. Ол үшін бірнеше ит те әкеліп қойдық. Аю келе жатқанда иттер үре бастайды. Сол кезде жарық шамдарын жағып, ысқырып, айқайлай жөнелеміз. Сөйтіп, аю кетіп қалады", — дейді аңшы.
Осы уақытқа дейін аюлар ара шаруашылығымен айналысып отырғандарға бірнеше рет шабуылдап, ара ұяларын қиратып кетіпті. Соның кесірінен кәсіпкерлер шығынға баттық деп отыр.
"Бұл аюлардың көп екендігін көрсетеді. Кәрі аюлар жастарын өз аумақтарынан қуып шығады. Ал олардың барар жері жоқ. Сондықтан амалсыз елді мекендерге жақындайды. Өздеріне азық табуды білмейтін бұл жас аюлар оңай олжа іздейді. Сөйтіп, бал үшін омарталарға, ет үшін — шаруа қожалықтарына қарай бағыт алады", — дейді Сергей Осинцев.