Шымкентте ер адам белгісіз жағдайда жоғалып кетті

11 наурыз 2022, 08:36

Шымкентте белгісіз жағдайда жоғалып кеткен ер адам бір жылдан бері табылмай жатыр. 2021 жылдың 19 сәуірінде үйінен шығып кеткен Сергей Орлянский үйіне қайтып оралмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап. 

Үміт үзбеген жақындары Сергей үйіне аман-есен оралады деп сенеді. Бұл уақыттан бері баласының қайта оралуын күндіз-түні тілеген анасы көз жұмған.

"Қанша іздеу жұмыстары жүргізілсе де, табылмады. Уайымдап, тауып беруін сұраған анасы да қаза тапты", - дейді Lider еріктілер қозғалысының координаторы Людмила Герасимова.

Ер адам белгісіз жағдайда жоғалған. Іздеу жұмыстарын жүргізген еріктілер бірнеше нұсқаны алға тартқан: Сергейді құлдыққа алып кетті немесе қаза тапты. 

"Бірі құлдық деді, енді бірі өлтіріп кетуі мүмкін дейді. Себебі жақындарының сөзінше, жанжалға көп түскен, мінезі сондай болған екен. Қандай жағдай болмасын іздеуді әрі қарай жалғастырамыз. Сондықтан БАҚ-пен серіктес болып, ол туралы ақпарат, суреттерін таратамыз. Көрген-білген адамдар болса, кез-келген ақпарат маңызды", - деп қосты Людмила Герасимова.