Шымкентте индустриалды аймақта ғимарат опырыла құлап, үш адам қаза тапты
Шымкентте «Ордабасы» индустриалды аймағындағы бес қабатты зауытта темір-бетон плиталарының жабындысы құлап, ішінде жүрген үш адамды басып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «112» басқару пультіне күндізгі сағат 14:43-те шұғыл хабарлама түскен.
 
Қапал батыр тас жолында орналасқан «Ордабасы» индустриалды аймағынан хабарлама келіп түскен. Жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайтын ғимараттың қараусыз қалғаны анықталған.
 
 
 
Оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстарына жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, 1 кинологиялық топ жұмылдырылған. ТЖ департаментінің 18 қызметкері мен 1 кинологиялық есебі, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылды.
 
Осы қызметкерлер мен қызметтік иттердің көмегімен үйінділердің астынан 1967 ж.т., 1992 ж. т. және 1999 ж. т. 3 ер адамның денесі табылған.
 
Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың себеп-салдары тексеріліп, анықталуда.
 
Құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.