"Сүйектерін көлік қаңқасынан ажырату қиын болды": Алматыда тірідей өртеніп кеткен желтоқсаншылардың ұлы

19 қаңтар 2022, 11:51

Алматыда көлікте тірідей өртеніп кеткен ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлының өліміне қатысты жаңа деректер айтылды. Марқұмдардың ұлы "Алматы" арнасына сұхбат беріп, ата-анасының сүйегін көлік қаңқасынан ажырату қиынға соққанын айтты. Ал полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бір күнде ата-анасынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Дәурен Биткембаев – антитеррористік операция кезінде қаза тапқан қос желтоқсаншының кенже ұлы. Айтуынша, 7 қаңтар күні ол да ата-анасымен бірге сол көлікке отырған. Жолдан түсіп қалған Дәурен аман қалғанымен, ата-анасы үйге қайтар жолда оққа ұшып, көлікпен бірге өртеніп кеткен. 

"Сәтбаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысы маңында өртеніп кеткен машина тұрды. 3 күннен кейін полицейлер қалған сүйектерін жинап, мәйітханаға апарып тастапты. Содан кейін машинаны Көкжиектегі айыптұраққа жіберген. Сол жерге барып қарасақ, сүйек қалдықтары қалыпты. Соны өзіміз жинадық. Денелерінен ештеңе қалмаған", – деді Дәурен Биткембаев.


Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге экстремистік ұйым мүшелері қатысқан – Мемлекеттік хатшы
"Резиденциядан 8 жаралыны алып шыққан": Көп балалы әйел Алматыдағы бүлік кезінде адамдарды қалай құтқарғанын айтып берді

Қайғылы оқиғадан кейін қара жамылған отбасыға "Неге үйде отырмадыңдар?" дегендер де болыпты. Алайда Дәуреннің сөзінше, қала ішінде атыс болып жатқанын өзі де, қаза тапқан ата-анасы да білмепті. Күнделікті өтіп жүрген көшесі, үйлеріне қайтатын жолы еді дейді. Қантөгісте қаза тапқан Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлының денесі 12 қаңтарда жер қойнына тапсырылды.
Ал қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда полиция департаментінде қылмыстық іс тергелуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы міндетті түрде өндіріс барысында анықталатын болады. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды", – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Дәурен Биткембаевтың айтуынша, адам сүйегін көлік сүйегінен ажырату мүмкін болмаған. Сондықтан жерлеу рәсімін 5 күннен кейін өткізген. Қаза тапқан қос азамат осыдан бір ай бұрын ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай наградаларға ие болған.