Оқиға

ҰҚК 2011 жылы Ақтөбеде болған терактінің мән-жайын жариялады

  • © Photo : ҰҚК арнай сайтынан

    © Photo : ҰҚК арнай сайтынан

Ұлттық қауіпсіздік қызметі 2011 жылы Ақтөбеде болған теракт туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Ақтөбедегі теракт

 

Қала көшесімен бір адам келе жатты. Сырттай қарағанда орта жастағы ер адам ешкімнен ерекшеленбейтін. Балағы қысқа ебедейсіз шалбары мен иегіндегі сақалы болмаса. Егер көшедегі адамдар көзіне қарайтын болса, оның көзінен ақыл-есі кем немесе жын соққан адамдікіндей түсініксіз бір сәуле көрген болар еді. Иә, бірақ көшедегі адамдар өз жөнімен асығып кетіп бара жатады, оның үстіне ешкім біреудің көзіне қарамайды.

 

Арада бірнеше сағат өткенде Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ғимаратында жарылыс болды. Радикалды діни бағыттағы адам жарылыс жасап, сол жерде өзі қаза тауып, үш адам жараланды.

 

Өткізу орнында Рахымжан Мақатовты бекет қызметкері тоқтатты, ол оны бұған дейін де көрген және  таныған. Ол бірнеше діни "фанат" ұсталған кезде қозғалған шулы іс бойынша куәгер болған.

 

Жүрісі біртүрлі адам жедел қызметкер Диясовты көргісі келді, осы кезде іздеген адамы да департаментке жақындап келе жатқан. Офицер де Мақатовты жай жұмыспен жүрген шығар деп ойлаған. Бірақ сыралғы көзімен қарап өткен ол бірден түсіне қойды, бұл адам басқа мақсатпен келіп тұр – күртесінің ішіне қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жасырып тұрғанын аңғарды.

 

"Мүмкін бұл біртүрлі болып көрінетін шығар, бірақ менде қорқыныш сезімі деген болған жоқ. Жағдайды бірден түсіне қойдым да, сол жерде тұрғандардың бәріне тығылыңдар дедім. Олар қауіп-қатерді түсіне қоймады, айтқанымды орындауға асықпады, тағы да айқайлап айтуыма тура келді. Ал өзім Мақатовтың қасында тұрдым, ал ол болса мені белдігімнен ұстап алған еді", - деп Азамат Диясов сол күндерді еске алады.

 

Қауіптің қақпанында тұрған офицер басқалардың амандығын ойлады. Кейінірек сарапшылар жарылғыш құрылғының күшейтілген жойғыш күші болғаны туралы қорытынды шығарды.

 

"Сараптама көрсеткендей, өзін-өзі жармақ болған адам жарылғыш құрылғыны ҰҚК қызметкерінің қасында жаруды жоспарлаған. Офицер өжеттігінің және кездейсоқ жағдайдың арқасында аман қалады: қылмыскер қолдан жасалған тумблерді алдын ала қосуды ұмытып кетіпті", - деген қорытынды жасады сарапшы-жарылғыш заттар маманы.

 

Офицер мен басқа қызметкерлерге төнген қатердің деңгейін түсіну үшін сарапшылардың сипаттамасын келтірейік:

 

"Қолдан жасалған жарылғыш құрылғының қуаты 400 грамм тротилді эквивалентке тең. Жарылғыш аммоний нитраты, алюминий ұнтағы және сіріңке басындағы күкірт негізінде жасалған. Тұйықталу түймесін басу арқылы электрлік жүйелердің тұйықталуынан детонатор іске қосылады, детонатор есебінде биомаркер қолданылған. Жарылғыштың жойғыш күшін арттыру мақсатында оған үлкен көлемде бұрандалар мен шойынды элементтер оралған".

 

"Бір кезде қарасам Мақатовтың толқығаны сонша есінен адасып тұрғандай, үздіксіз дірілдеп тұр екен. Бірақ жарылғыш құрылғысы жарылмаған соң, менің белдігімді жіберді де, беліне орап алған сымдарын шұқылай бастады. Қателігін түсінген ол енді тумблерді қосуға тырысты. Мен осы жағдайды пайдаландым. "Жатыңдар!" деп қатер туралы айналама ескертіп, Мақатовты жылдам фойенің адамы жоқ ортасына қарай итеріп жібердім (бекеттегі қызметкер де осы сәтте ескерту оғын атады), турникетті тасалауға тырысып, еденге жата кеттім", - деп еске алады жедел қызметкер Диясов.

 

Сол заматта-ақ жарылыс болды. Оқиға орнын алғаш қарағанда-ақ оның қауіпті болғаны байқалды: жарылыс күші департамент ғимаратының бірінші қабатының барлық шынысын талқандады, сыртта тұрған машиналардың дабылдатқыштары ойнап қоя берді. Мақатов сол тұрған орнында қаза тапты.

 

Адамдар тайғақ жолға қалай шығады және не үшін? Бөгде беделді адамдардың ықпалына қалай түседі? Жалған ұрандарға неге сенеді?

 

Психологтардың қорытындысы бойынша туған кезінде алған жарақаты Мақатовтың мінезінің психологиялық жағынан қалыптасуына айтарлықтай әсер еткен.

 

Бұдан бөлек ата-анасының тәрбиесінің ықпалды болғанын жоққа шығаруға болмайды. Әкесі қатал мінезді болғандықтан, баласын жиі жазалап отырған. Баласына үнемі көңілі толмай, оған жылылық танытудың орнына, керісінше оны ылғи қорлап, "ақылдырақ және жолы болғыш" жиендерін үлгі ететін.

 

Ақтөбедегі теракті қауіп-қатер бар екенін көрсетті. Теракті жүзеге асқанда, әрине, адамдардың сенімі жоғалып, бейбіт халық дүрбелеңге түсер еді, жалпы жағдай шайқалып, тізбектеліп кететін оқиғалардың орын алуы да сөзсіз еді.

 

Әрине, болған оқиға бірден төтенше жағдай сипатын иеленді. Отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары болған оқиға туралы жарыса айтып жатты. Басылым журналистері оқиғаның бүге-шігесін білгісі келді, Мақатовқа қатысты әртүрлі теңеулер беріліп жатты: қазақстандық тұңғыш өзін өзі жарушы, тұңғыш шаһид және тағы да басқа салыстырулар болды.

 

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болғандықтан, БАҚ бұл тақырыпта бірнеше ай бойы жазды. ҰҚК департаментімен көршілес үйлердің тұрғындары өздерінің сезімдерін бөлісті. Ал болған оқиғадан көлемі әлдеқайда зардапты болуы мүмкін бұған дейінгі терактілердің тізбегін ауыздықтай білген офицерлердің бірнеше ай бойғы тынымсыз да ауқымды еңбегі кадр сыртында қалып жатты.

 

Жергілікті радикалдарды анықтау және ұстау бойынша операциялар ұзақ уақыттан бері дайындалып, жүріп жатқан еді. Нәтижесінде "Аңсар-уд-дин" ("Дін көмекшілері") террорлық бастауыш ұйымының мүшелері болған және жиһадқа дайындалып жатқан он шақты адам осы жарылыстың алдында ғана, екі апта бұрын ұсталған.

 

Тергеу барысында жиһадшылардың жедел деректері мен жоспарлары мәлім болды. Олардың ойы сонау Ауғанстан жеріне барып, радикалдар жағында америкалық сарбаздарға қарсы және Солтүстік Кавказға барып ресейлік әскерилерге қарсы жауынгерлік ұрыстарға қатысу екен.

 

Ақтөбелік радикалдарға "Исламдық жиһад одағы", "Кавказ имараты" секілді халықаралық террорлық ұйымдардың шетелдік эмиссарлары мен мүшелері жетекшілік еткен.

 

Жаңа келген мүшелерін жауынгерлік дайындықтан өткізу барысында қолданылған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің айтарлықтай арсеналы олардың ойларының шындық екендігін, қоғам үшін қандай қатер төндіргенін дәлелдейді: Калашников автоматы, Макаров тапаншалары. Тінту кезінде табылған арнайы техникалық құралдар олардың ерекше дайындық түрлерін де қарастырғанын байқатты.

 

Сонымен қатар Ақтөбелік радикалдар халықаралық террорлық ұйымдарды қаржыландыруға да қатысып отырған, яғни ақшаларын банктер арқылы немесе байланысшылары арқылы жіберіп тұрған.

 

Шетелдік ақша алушылар бұған жауап ретінде өздерінің қозғалыстарына қосылуға үндеп алғыс айтқан роликтер жазған. Ақтөбелік "Дін көмекшілері" егер Ауғанстанға бара алмайтын болса, онда Қазақстанда террорлық шабуылдар жасайтындығын айтып ант береді.

 

2011 жылдың 4 мамырында ҰҚК департаменті ұстаған бастауыш ұйымның барлық мүшелерінің арасында Рахымжан Мақатов та бар болатын.

 

Тергеудің бас жағында ол өзінің өкінетінін байқатып, тергеумен белсенді түрде ынтымақтасты. Сондықтан оны куәгер ретінде қалдыру ұйғарылған еді.

 

Ол қатардағы куәгер емес еді. Мақатов бастауыш ұйымның басшысы Махуовтың оң қолы еді. Адам қасиеттерін шебер меңгерген ол жамағаттағы ең сезімтал бағыт болып табылатын идеология саласына жауап берді. Жүйедегі жалған діни мақалалар, кітаптар және бейнероликтерді жазып алып, оларды "бауырларының" арасында талмай, жалықпай таратып, өз жұмысын "үздік" атқарды.

 

Осыған қарамастан, жедел қызметкердің жұмысты дұрыс ұйымдастыруының арқасында, Мақатовтан тергеу үшін маңызды мәліметтер алудың орайы келді. Кейінірек, діндес бауырларының алдында өзін кінәлі сезінуі теракті жасап өзін жару туралы ойға итермелеген.

 

Ақтөбе облысындағы жоғарыда айтылған қайғылы жағдай Қазақстандағы соңғы оқиға болмады. Өз заманы үшін мұндай оқиғалар айтарлықтай сипатта болғанымен, қатерлі жаумен бетпе-бет кездескен комитет қызметкерлері қаймықпастан қажетті қорытынды шығарып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін керекті шешімдерді қабылдай білді.

 

Бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті барлаушы Сапарғали Әубәкіров туралы материалдар жариялады. "Барлау" қызметінің үздік маманы 2005 жылы "Шығыс Түркістан ислам партиясы" ұйымының жоспарын бұзып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде бірқатар лаңкестік әрекеттердің алдын алуға көмектесті. Бірақ өзі радикалдардың қолынан қаза тапты.

 

Сондай-ақ 2002 жылдың қазанында Алматыда жүрген шетелдік азамат ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына ілінген шетелдік тыңшыны ұстау операциясының хронологиясын жариялады.

 

 

 

 

 

 

 

 




Көрілген: 684    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 15.11.2021, 21:31

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31