Қазақ балалар киносының атасы

Қазақ балалар киносының атасы

 Қазақ киносындағы кейіпкерлер десе, көз алдыма Қожа, Сұлтан, Жантас, Жанар, Майқанова, Алпамыс, Қалихан, Қапан, Жүніс, Хамит, Құдіре, Әйгерімдер келеді. Біз осыларға қараудан жалықпай өстік. Оқушы кезімде: «Осы кейіпкерлердің барлығымен Алматыға барғанда кездесемін», – дейтінмін. Естияр әпкем: «Олардың бәрін жақсы көргізіп тұрған бір адам бар. Ол – режиссер», – деген. Сонда алғаш режиссер деген мамандықтың барын естіппін. Мен жақсы көрген кейіпкерлерді сүйкімді қылып тұрған адам – Абдолла Қарсақбаев екен. Содан бастап Қарсақбаевты көргім келді. Сөйтсем, мен туылмай тұрып, ол кісі өмірден өтіп кеткен екен… Бірақ, сонда да Қарсақбаев жүрген жерлермен жүргім келді…

…Алматының көшесінде келем. Қарсақбаевтың өзін болмаса да, естеліктер арқылы елесін табармын деймін… Ана кинотеатрға барам – қазақ киносы жоқ, мына кинотеатрға барам, онда да қазақ киносы жоқ. Көшеден де жарнамасы ілінген қазақ киносын таба алмадым. Кілең шетелдік кинолардың афишасы сықиып тұр. «Келинка Сабина» сияқты арзанқол дүниелердің жарнамасы ғана әр жерден сықсыңдайды. 
…Алматының көшесінде ойланып келем. Қазіргі кинодағы кейіпкерлер неге есте қалмайды? Неге осы соңғы түсірген фильмдердегі кейіпкерлер жалпыға сүйкімді болып кетпейді? Өйткені, онда шынайылық жоқ. Қазақы мінез таппайсың. Сондықтан да, бүгін түсірген киноны ертең ұмытып қаламыз. Сондықтан да, біз қазақ киносына бармаймыз. Сондықтан да, біз қазақ режиссерлерін танымаймыз. 
…Алматының көшесінде асығып келем. Абдолла Қарсақбаевтың болмысын іздейміз деп «Қазақфильм» қақпасының тұмсығына келіп бір-ақ тірелдік. Мұнда көзкөргендер көп… 
Балалық шағы ауыр болғанын әу баста әріптес інісі Сламбек Тәуекелден естідім. «Абдолла ағаның балалық шағы туралы естігенімде, жүрегім шымырлап кетті. Ашаршылық жылдарында Абдолла ағаның әкесінің жолдастары ауылына келіпті. Олар жолай тау жақтан иығына кетпен асынып келе жатқан Қарсақбайдың зайыбын жолықтырыпты. Құрдас болғасын келіншекпен қалжыңдасады. Үйіне кіріп, шәй-пәй ішкісі келетін ниет білдіреді. Сонда Абдолла ағаның анасы дастарқанын жайып, қара сумен болса да, қонақтарын күтіп бәйек болады. Жолдастарының бүкіл қалжыңына шыдайды. Дастарқан жиналып, бата берілгеннен кейін шымылдықты түріп жіберіпті де: «Азаматтар, енді мына балаларымды көмуге көмектесіңдер», – депті. Сөйтсе, шымылдықтың арғы жағында қаз-қатар 4-5 бала тырайып-тырайып өліп жатыр екен. Мұны Әбекең маған өзі айтып берген еді. Қарсақбайдың он алты баласының ішінде аман қалғаны – Абдолла ғана. Қалғандары ашаршылық жылдарында, соғыс кезінде бақилық болып кеткен», – дейді Сламбек Тәуекел. 

«БАЛА ЖАМБЫЛ»
Тағы да Алматының көшесінде келемін… Тезірек «қазақфильмдіктер» берген телефон нөміріне қоңыраулатсам деймін. Қолымдағы тілдей қағазда Абдолла Қарсақбаевтың жалғызы – Тоқтардың телефон нөмірі мен мекен-жайы. Жұмысқа келе сала тердім. Телефонның арғы жағындағы кісі орысшалау көрінді бастапқыда. Әкесі туралы жазамыз дегенімізге қуанып қалды. Бірақ, әкесінің балалық шағы туралы там-тұмдап қана айта алды.
«Әкемнің арманы – ашаршылық жайында үлкен картина түсіру болыпты. Аштықтан қатып қалған қазақ ауылын экранда өшпестей етіп таңбалауды өзінің борышы санапты. Бірақ, өзі сол дүниені жасай алмадым деп өкінішпен өмірден өтті. Десе де, «Балалық шақтың кермек дәмі» фильмінде аздап болса да, өз арманын жүзеге асырғысы келген. Оның балалық шағындағы қиындық – қазақтың басынан өткен нәубет. Әжемізден он екі жасында айрылған. Көп ұзамай атамыз да әжеміздің артынан кетеді. Қарсақбай – мал жимаған қазақ болыпты, керісінше, өмір бойы қой бағып күнін көрген. Мұндай отбасынан шыққан баланың қандай болатыны белгілі емес пе? Әрине, ертегідегідей: көп оқыпты, сабақтан келе сала жасы келген атасы мен әжесіне қолғанат болып, отбасын асырау үшін тырбанып еңбектеніпті. 
Әкем кино өнеріне ауылында жүргенде-ақ араласқан. Жамбылдың жастық шағы туралы фильм түсіріп жүрген мамандар бірде сау етіп ауылға келе қалады. Мектептегі ең белсенді оқушы болған әкем келген қонақтарға ән айтып, жыр оқып, концерт қояды. Сонда риза болған кино мамандары әкемді Жамбылдың жасөспірім шағындағы рөлін сомдауға шақырады. Әкем Жамбылдың рөлі арқылы өнерге жолдама алған», – дейді Тоқтар Қарсақбаев. 
Режиссердің ұлы: «Менен гөрі келіні Майра жақсы сөйлейді. Оның үстіне, әкемнің бүкіл архиві сол кісінің қолына өткен. Сосын Нұржұман Ықтымбаев аталарың айтып береді», – деп жөн сілтеді. 


МӘСКЕУЛІК РЕЖИССЕР САҚТАҒАН КӨРІНІС
Абдолла ағаның бейнесін, болмысын іздеп келем… Қазақ зиялылары қоныстанған «Самал» ықшам ауданындағы көнелеу үйге келіп кірдім. Мұнда Абдолла Қарсақбаевтың шәкірті, актер Нұржұман Ықтымбаев тұрады. Ықтымбаевты да тыңдап көрдік…
«Абдолла Қарсақбаев Кеңестік цензураға қарамастан батыл қадамдарға барған режиссер. Мысалы, «Қилы кезең» – қазақ кино өнеріндегі классикалық туынды. Бірақ, халық бұл фильм туралы кеңінен біле бермейді. Себебі, фильм шыққан соң жалпы халыққа көрсетуге тыйым салынған. «Қилы кезеңде» Қытай асып көшіп бара жатқан халықты көрсетеді. Көрген адам сол сәтте-ақ: «Бұлар неге шекара асты?» деген сауалды сөзсіз қойып, оның жауабын да іштей берер еді. Оның үстіне бұл фильмде тұңғыш рет халық әні «Елім-ай» шырқалды. Сол жылдардағы қазақтың халін бір әнмен жеткізеді. Фильмде Жүніс ақсақалдың қызыл әскер офицерінің алдында дәрет алып, діни ишара жасап отырған көрінісін беру деген сұмдық еді. Атеистік қоғамда фильмге мұндай көріністі жымдастырып жіберу үлкен ерлік. Андрей Юренов деген мәскеулік режиссер досым бірде мені шақырды. «Сен таңғалатын бір дүние көрсетем», – деді. Экранды қосып қалғанда, Жүніс ақсақалдың өзен жағасында дәрет алып отырған сәті жарқ ете қалды. Сөйтсем, мәскеулік режиссерлер Абдолла ағаның сол кадрын студенттерге көрнекілік ретінде көрсетеді екен. Қарсақбаев «Қандай заман болса да, ұлттың әдет-ғұрпын ұмытпау керек» деген ұстаным қалдырып кеткен. Ондай терең режиссер қазақта болған емес», – дейді актер Нұржұман Ықтымбаев. 

ӨКІЛ БАЛАЛАР: ЫҚТЫМБАЕВ, ЖОЛЖАҚСЫНОВ, ҚАЛЫМБЕТОВ, ДОСМАТОВА ЖӘНЕ НҰРЛАН САНЖАРЛАР…


Алматының көшесінде Қожаның рөлін сомдаған Нұрлан Санжарды жолықтырып қалдық. Қарсақбаев жөнінде сұрай бастадық. «Мектепте алқын-жұлқын боп жүгіріп келе жатқанымда, бір кісі қолымнан шап беріп ұстап алды. Үлкен екі аға мені әңгімеге тартып: «Киноға түскің келе ме?» – деп сұрады. Қалайда тез құтылудың амалын жасап, түскім келмейтінін айттым. Сыныптас қыздардан менің аты-жөнімді сұрап алды. Қырсығып атымды да айтпап едім. Ол кісі адамдардың, кейіпкерлердің бір сызықтың бойымен жүргенін қаламайтын. Сол үшін «Менің атым Қожадағы» бас кейіпкерге тәртібі, сабағы жақсы баланы емес, мектепте бұзықтығымен аты шыққан мені таңдап алды. Әйтпесе, Қожаның рөліне түсу сынағына 500 бала қатысқан екен…
Сабақ оқуға ынтасы жоқ оқушылар сияқты, кейде түсірілім алаңына сценарийдегі сөздерді жаттамай келетінмін. Күндіз киноға түссем, кешкісін бала болып ойнаймын. Ойын қуып жүрген балада қайбір ес болсын. Таңертең түсіру алаңына келгенде, рөлдегі сөзімді білмей отыратынмын. Сонда Абдолла аға не айтатынымды тәптіштеп түсіндіріп береді. Сценарийде оқығанымды түсінбеген мен Абдолла ағаның айтқанын бірден миыма құйып аламын», – дейді Қожа-Нұрлан. 
Алматы көшесінде келе жатырмын… «Қарсақбаев туралы кім не жазыпты?» деп кітапханаға да кірдім. Қызықты дегендерін қойындәптеріме түртіп алып отырдым. Қарсақбаев бірде футбол ойнап жүрген балалардың арасынан сөзге келіспей қалып, төбелесіп, мұрны қанап қалған баланы көреді. Оны да киноға түсіреді. «Балалық шақтың кермек дәмі» – соғыстан кейінгі ауыр кезеңді суреттейтін фильм. Жүректі ауыртатын кадрлар көп. Әсіресе, кішкентай баланың қыстығып жылайтын көрінісін түсіру оңайға соқпайды. Қарсақбаев психолог режиссер. Кіп-кішкентай кейіпкерлеріне рөлін нанымды ойнату үшін, олардың ерекшелігіне қарай түрлі ситуациялар ойлап табады екен. Кіп-кішкентай Болат Қалымбетовті жылату үшін: «Қандай жақын адамыңнан айрылдың?» – депті. «Апамнан». Сонда Абдолла Қарсақбаев «Апам-ай» деп ағыл-тегіл жылап, жоқтай бастапты. Оған шын сеніп қалған кішкентай актер режиссеріне жаны ашып, боздап қоя береді. Сол сәтті қалт жібермей түсіріп алады.
«Бандыны қуған Хамитте» Әйгерімнің мылтық ататын сәті бар. Сонда кейіпкер жарақаттанған адамның кейпіне ене бергенде, терезенің әйнегі сынып, қолы қанайды. Актриса өмірде шынымен адам өлтіріп қойдым екен деп шошып кетіп, жылап жібереді. «Мұның бәрі Абдолла ағаның әдейі ұйымдастырып қойған қулығы екен. Міне, ол кішкентай актерлермен осылай жұмыс істейтін», – депті Гүлнара Досматова. 
Абдолла Қарсақбаев Нұржұман Ықтымбаев пен Досхан Жолжақсыновты да алғаш киноға түсірген режиссер. Ықтымбаев: «Абдолла аға болмағанда, ауылда мұғалім немесе бокстан жаттықтырушы болып жүре берер ме едім, кім білсін… «Қилы кезеңдегі» жалшы Қапанның рөлін ойнатып-ақ маған киноның иісін сіңдіріп кетті. Бірінші дубльде сынады, екінші дубльде ойынымды қабылдады. Содан бастап қандай рөл ойнасам да, ешқашан екі реттен артық дубль жасаған емеспін», – дейді. Ал Досхан Жолжақсынов десе, көз алдымызға «Бандыны қуған Хамит» елестейді. 
РАХМАНОВ АҒАЙ…


Абдолла Қарсақбаев талантты адамдармен дос болыпты. Кененбай Қожабеков, Нұрғиса Тілендиев, Нұрмахан Жантөринмен пікірі, арман-мақсаты ұқсапты. Асқар Сүлейменовпен көп сөз таластырып қалады екен. Ылғи Абдолла шамырқанып қалатын көрінеді. Сондайда пікір таластыруға келген Асқар Сүлейменов пен куә болған Әбіш Кекілбайұлына пішен шаптырып қояды-мыс. Өзіне қарсы келген достарының «жазасын» осылай беретін болыпты. Достыққа адалдығы, тік сөйлейтіні – айналасындағылардың айылын жиғызыпты. Бір мысал: Сол кездегі «Қазақфильмнің» редакторы болған кинодраматург Ольга Бондаренко «Менің атым Қожадағы» мектеп директорының рөліне аяғын тіктеп жүре алмайтын Кененбай Қожабеков таңдалғанда, қарсы болыпты. «Абдолла, сен қызықсың, фильміміз жарқын өмірді көрсететін көңілді фильм. Ал сен көзінде мұңы бар адамды таңдап отырсың», – депті. Сонда Бондаренкоға жалт қарап, отты жанарымен жерге кіргізіп жібере жаздапты. Ольга: «Ондай өңменіңнен өтіп кететін ызғарлы көзді өмірімде көрмедім. Менен қатты көңілі қалғанын білдім. Абдолла тағдыры бар, жағдайы жоқ адамдардың қамқоршысы болды. Өзімнің ойланбай айтқан бір сөзім үшін қатты өкіндім. Бетімді басып кетіп қалдым. Ниеттес көңілмен айтқан сөзім ақымақтың сөзі болып шықты. Шынында да, Кененбай мектеп директорының рөлін керемет алып шықты», – деген екен.
«МИЫМНЫҢ БӘРІ КИНОҒА ТОЛЫП КЕТТІ…»
Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң Қарсақбаев деректі фильмдер түсіріпті. «Қазақтың халықтық қолөнері» деп аталатын туындысы ЭКСПО-67-де көрсетіліп, оны әлемнің 50 мемлекеті сатып алыпты.
Абдолла Қарсақбаев Кеңестік кинематографияда балалар фильмін түсіруде жаңалық енгізген режиссер екен. Жаңалығы – балаларға арналған көркем фильмде тұңғыш рет мультипликация элементтерін қолдануы. Яғни, «Менің атым Қожада» Қожаның ғарышқа ұшу қиялын мультипликациялық жолмен көрсетеді. Осы фильмнен кейін кино-ертегі жасаудың майталманы Александр Птушко «Жоғалған уақыт туралы ертегісінде» мультипликация қолданады. 
Қарсақбаев көзі тірісінде Одақтық республикаларға барғаны болмаса, шетелге шығып көрмепті. «Менің атым Қожа» фильмі Канн фестивалінің жүлдесін алғанын Абдолла аға радиодан естіпті. Режиссерді сұраған шетелдіктерге: «Ол режиссер қайтыс болып кетті», – деп өтірікті соғып жіберсе керек. Бірақ, ол үшін Қарсақбаев түк те ренжімепті. Керісінше: «Өз халқымды әлемдегі ең озық халық деп есептеймін, сол озық халықтың ұл-қыздары үздік шығармалар туындатпауы мүмкін емес. Көп болса, мен де солардың бірі шығармын», – деп халқына ризашылығын білдіріпті. 
«Алты жасар Алпамыс» фильмі бүкілодақтық 10 фестивальге қатысып, бәрінен жүлделі орын алған. Мәскеуде, Одақтық республикалардың кинотеатрларында бір жыл бойы үздіксіз көрсетіліпті. «Алты жасар Алпамыстан» басқа қазақ киносында бір жыл бойы кинотеатрларда аншлагпен жүрген фильм болмапты. 
Нұржұман Ықтымбаев Қарсақбаевқа өмірінің соңғы уақытында ешқандай кино түсіртпей қойғанын айтады. Жас режиссерлерге кеңесші болып қана жүріпті. Келіні Майра: «Атамыз мамамызға: «Миымның бәрі киноға толып кетті», – деген екен. Егер сол миындағы киноларды атамызға түсіруге мүмкіндік бергенде, қазақ кинематографиясы біраз жерге барып қалар ма еді? Атамыз сегіз көркем фильм түсірген. Барлығы да халықтың жадында. Мысалы, қарапайым адамдардың санасына сіңісті болып қалғаны сонша, атамыз түсірген «кино тілімен» сөйлейтіндерді жиі кездестіріп қаламыз. «Уәдеңді жұттың ба, Құдіре?!», «Мұнар ата, мен мектепке барамын» деп фильмдегі кейіпкерлердің сөзін өз сөзіндей айтып отырады. Ант-су ішкенде «Менің атым Қожадан» диалог айтады. Осыдан-ақ атамыз түсірген кинолар халықтық болып кеткенін байқайсыз», – дейді. 
ҚАРСАҚБАЕВТЫҢ ҰРПАҒЫ КАНАДАНЫҢ ТҰРҒЫНЫ…

Тоқтар
«Қарсақбаевтың баласы елден кетіп қалыпты», – деген сөзді естігенбіз. Келіні Майрадан сыр суыртпақтап отырып, елден кетудің жайын сұрадық. Қарсақбаевтың ұрпағы кімдерге өкпелі? «Тоқтармен алғаш танысқанымда ол өзінің кімнің баласы екенін айтпады. Тұрмысқа шығатын кезде ғана атамның кім екенін білдім. Бала кезде ол кісінің фильмдерін көріп өстік қой. Ондай кісінің келіні болу үлкен жауапкершілік екен. Өйткені, елдің бәрі саған сын көзбен қарайды. Шынын айтсақ, осындай белгілі фамилия бізге көп кедергі келтірді. Атамызды көре алмағандар баласының да жетістікке жеткенін қаламағандай болды. Қожықовтың, Аймановтың, Бегалиннің балаларының кері кетуіне үлкен кісілердің ықпалы болған сияқты. Бәрі де ішімдікке салынып кетті.

Майра
Елде жүре берсек, Тоқтардың да құрып кетуі мүмкін еді. Бізге солай сезілді. Сондықтан: «Тоқтар, басқа елге барып, жұмыс істеп көрейік», – дедім. 2004 жылы Қазақстаннан тіркеуден шығып, Канадаға кеттік. Әлі күнге дейін Ванкувер қаласының тұрақты тұрғындарымыз. Сонда киностудияларда жұмыс істедік. Онда бізді ешкім танымайды. Бәріне өз еңбегімізбен жеттік. Сосын бізге Голливудтың актерлерін Қазақстанға әкелу жөнінде ұсыныстар жасалды. Стивен Сигал, Кевин Костнер, Майк Тайсон, Хилари Суонк, Лэйн Дэвис сияқты әйгілі жұлдыздарды Қазақстанға алып келдік. Содан бастап бізбен санаса бастады. Осындай тұлғаның баласы деп іздеді. Егер сен мықтының ұрпағы болсаң, мықты екеніңді әкеңнің атағымен емес, өз еңбегіңмен мойындатуың керек», – дейді келін.
БАСТЫҚТАРДЫ МАЛАҚАЙҒА ТЕҢЕПТІ…
«Атамның тұтынған заттарын қараусыз қалдырмадым. Мысалы, Алматы қаласындағы атаның атымен аталатын №41 мектептің, туған жері Ұзынағаштағы аты берілген мектептің мұражайларына заттарын бөліп-бөліп қойғам, уақыты келгенде беремін. Алматыда атамыздың атында кішкентай бір көше бар. Бұйыртса, Астанадан да көше аты беріледі деп отырмыз. Қазір соған жүгіріп жүрміз», – деп ұрпағы жасап жатқан істерді жіктеп айтып берді келін. «Атамыз», «Тоқтардың әкесі» деп отырды сұхбат барысында. Қазақтың салтын сақтап, атасының атын атамай отырған келіннен айналдық. Атасы туралы әңгімесі бізді ынтықтырып барады…
«Атамыздың қолы ашық болыпты. Әбілхан Қастеевтің үлкен ұлы Әбілтай оператор болған. Атамызбен көп араласыпты. Сол кісінің айтатын бір әңгімесі бар: Атамыз бірде саяжайға алма теріп келуге кетіпті. Қайтарда жолай бүкіл достарының үйіне кіріпті. Азаннан кешке дейін еңбектеніп терген алмасының бәрін достарына, көршілеріне таратып беріпті. Сөйтіп, алма теруге кеткен адам үйге бір тал алмасыз келіпті. Ол кісінің сондай қожанасырлығы болыпты. 
Атамызға қаланың ортасынан төрт бөлмелі пәтер беріпті. Сөйтсе, оны алмай қойыпты. «Маған бергенше, жастарға беріңдер. Қаншама жас актерлер үйсіз жүр», – депті. Кейде қаламақысын жастарға киностудиядан шықпай жатып таратып береді екен. Осындай қылығына талай куә болған кассадағылар қаламақы берерде мамамызға хабарласып: «Сіздің үйдегі кісі бүгін қаламақысын алады, тез келіп алып кетіңіз, әйтпесе дым қалдырмайды», – деп ескертеді екен. Сонда өзінің жайын емес, өзгенің жайын бірінші ойлайды екен ата. Өзінен кейінгілерге қамқорлық жасау ол кісінің табиғатында бар қасиет. Ал бастықтармен келісуі қиын болыпты. Шені бар адамдарды малақайға теңепті. Оларға: «Сендер мезгілі келгенде киіп, мезгілі өткенде бастан шешіп тастайтын малақайсыңдар», – дейді екен». Бұл да келіннің атасы жайында естіген естеліктері. 
Әріптес інілері айтады: Абдолла Қарсақбаев түсіру алаңында актерларға әкесіндей қамқор болыпты. Киіз үйлерде, ашық алаңдарда түсіру тобы қонғанда, актерларының астынан сыз өтпесін деп, тапшан жасатып, қалың көрпеше төсетіп қоятын көрінеді. Кейде жас актерлар ұйықтағанда көрпесі ашылып, жаурап қалмасын деп, түнімен қайта-қайта оянып, қымтап жүреді екен. Әлденеге көңілі толмай ашуланып қалса, атқа мініп алып, қырға қарай шауып кетеді екен. Қайта айналып келгенде, жүзінде әлгі ашудың ізі де қалмайтын болыпты. 
АБДОЛЛАНЫҢ ӘЙЕЛДЕРІ…
Келіннің айтуынша, Абдолла Қарсақбаев ВГИК-та оқып жүргенде, еврей әйелмен көңіл қосыпты. Одан Қайсар деген ұлы туылыпты. Қайсар ертеректе ұшақ апатынан қайтыс болған. Екінші рет алған әйелінің аты – Үміт. Ол Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың тұңғыш қызы. Үміттен Нұрлан деген ұлы болған. Нұрланның мамандығы хирург. Бірақ ол альпинизммен айналысып жүргенде, тауда қазаға ұшырапты. Нұрланнан Данара деген қыз бар.
Қайбір жылы Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа апамыздың үйіне қонаққа барғанымызда, Ильфа апа: «Біздің шешеміз күйеубаласы Абдолланы ерекше жақсы көрді. Үміт екеуі ажырасып кетсе де, біз отбасымызбен араласып тұрдық. Анамның сөзін көп тыңдаған Абдолла Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының негізінде көркем фильм түсіргісі келді. Бірақ, Абдолла аяқ астынан келеңсіз жағдайға тап болды. Бірде менің күйеуім Санжар Жандосовпен бірге бильярд ойнауға кеткен. Сөйтсе, сол кездегі мәдениет министрі бильярд ойнауға келе қалыпты. Әлгі шенеунік: «Сен сияқтылар да осында жүре ме? Былай тұр, мен ойнаймын!» – дейді. Абдолла тумысынан қызба, басынан сөз асырмайтын адам ғой. Әлгіні боқтап, жағасынан ала кетіпті. Содан кейін Абдолланың кино түсіруіне рұқсат берілмеді. «Құлагерді» Абдолладан тартып алып, Болат Мансұровқа түсірткізді», – деген еді. 
«Үміт ападан кейін Тоқтардың анасына (Клараға) үйленеді. Қазір мамамыздың жасы жетпіс екіде. Денсаулығын күтсін деп, бассейнге, йогаға жаздыртып қойғанбыз», – дейді Қарсақбаевтың келіні. 
P.S. Алматының көшесінде ойланып келем… Адам көп. Бәрі бір-біріне ұқсас сияқты… Абдолладай режиссер болса, мына заманның да өз кейіпкерлері шығар ма еді, кім білсін? 
Айтпақшы, жүректен инсульт алған Абдолла Қарсақбаев 56 жасында осы Алматының көшесінде, Амангелді Имановтың ескерткішіне қасқайып қарап отырған бойы жүріп кетіпті. 
Алматының әр көшесінде Қарсақбаевтың рухы мен кейіпкерлері жүр, көре білгенге…
(«Ақ желкен», №2. 2015 жыл)

 
Авторы: Жадыра НАРМАХАНОВА
(Түпнұсқадағы тақырыбы: Он алтыдан қалған жалғыз экранда бәрімізді ойлантты)
zhasorken.kz/

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста