Үздік оқу орындары көп ел

Үздік оқу орындары көп ел

Әлемдегі ең үздік университеттер қай елде көп, білесіңдер ме? Ол – АҚШ. Тіпті, 50 үздік университет тізімінен АҚШ-тың 30 оқу орнын таба аласың. Әрине, дамыған ел ең алдымен білімімен озық. Бұл елде оқуды армандамайтын шәкірт жоқ шығар. Ал оқып келгендер қандай ойда екен? Пікірлерін білмекке осынау алыс елде оқып келген ағаларыңмен сөйлестік. Екеуі де Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі. Бірі – кинотанушы, бірі – суретші. Екеуі де Калифорния штатындағы Өнер академиясының (Academy of Art University) магистратурасын тәмамдаған.
Ерлан СҰЛУХАН, кинотанушы:
 КЕЙ ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫ ОҚУ ҮШІН БАРМАЙДЫ
Е.Сұлухан: АҚШ-тан келген соң, Алматыдағы Өнер академиясында бір жылдай сабақ бердім. Бірақ, ол жерде маған ұсынылған пәндерді жүргізгім келмеді. Ескі соқпақпен жүре бергеннен студентке келер пайда аз. Өз ділімізге, бүгінгі күнге лайық нәрсе керек. Сөйтіп, гуманитарлық бағыттағы бөлімдерде өзім жазған «Сана тарихы» атты дәрісті оқыдым. Жалпы, қазақтың ұл-қыздарының бойында комплекс көп. Оны өзгерту үшін елімізде гуманитарлық сала мамандары ілгерілеуі тиіс. АҚШ сынды елдерге бойындағы сол комплекстермен күресу үшін баратындар кездеседі.

Ұлан: Үш жылғы оқуда үш бөлек мамандық оқыпсыз…
Е.Сұлухан: Иә. Біздің қоғамда делдалдар көп, менеджерлер аз. Менеджер дегеніміз кім? Өз қолымен бір іс жасап, содан нарық жасай білетін адам. Сол ой жетегінде продюсерлікті таңдадым. Сосын ол ақшамен жұмыс жасайтын іс деп, бір курстан соң қойдым. Өз бойымнан креативті ойға деген ерекше сезім оянып, режиссура бөліміне ауыстым. Үшінші жылы киносценарийге бетбұрдым.
АҚШ-тағы студенттер туралы
2014 жылғы қаңтардың 15-індегі есеп бойынша, АҚШ-та осы уақытта 991 957 шетелдік студент болған. Оған қоса, 179 253 білімгер тәжірибе алмасу мақсатында қысқа мерзімге барған.
АҚШ-тағы шетелдік студенттер көрсеткіші: Азиядан 74.65%, Еуропадан 8.66%, Канада мен Мексикадан 6.94%, Оңтүстік Америкадан 4.67%, Афри-кадан 4.48% және Аустралиядан 0,58%.
АҚШ-та математика мен статистика мамандығы бойынша оқитын студенттердің 66 пайызы Қытай азаматтары екен. Ал инженерия бойынша оқушылардың 46 пайызы Оңтүстік Азиядан.
АҚШ азаматтарының жалақысы бізден әлдеқайда жоғары, ал тұтынатын заттары бізден гөрі арзан. Сол үшін де бізге бұл қоғам рахат өмірдей көрінеді. Байқасам, ол жаққа білім іздеп барғандар некен-саяқ. Көпшілігі жақсы өмірді көру үшін ғана барады. Олай дейтінім, бірде Сан-Диегода қазақстандық шәкірттердің құрылтайы болды. 200-дей шәкірт бас қосты. Сол жиында айтылған пікірлер мен көтерілген мәселелерге, жалпы кештің мазмұнына көңілім толмады. Көпшілігі бұл елге оқуға емес, қыдыру үшін келген бе деп қалдым. Америкалық қоғам кейбір қазақ жастарына жақсы әсер етпейтінін байқадым.
Ұлан: Маман ретінде айтыңызшы, кино саласын АҚШ-тан өзге қай елдерде оқуға болады?
Е.Сұлухан: Негізі кино саласы бойынша АҚШ-та мүмкіндік жоғары. Сосын Франция үкіметінің кино өнерін бағалауы зор. Естуімше, Канадада жақсы-жақсы кино мектептері бар. Америкалықтардың көпшілігі Қытай кино мектебін мақтайды. Пекинде кино түсіріп келетіндер көп.
2013-14 оқу жылындағы көрсеткіш бойынша АҚШ-тағы (әлемдегі) үздік он университет:

1 (1). Калифорния технологиялық институты. Университет ұстанымы: «Оқу, ұйқы, қоғамдық жұмыс: үшеуінің бірін таңда!»
2 (2). Гарвард университеті (Массачусетс штаты, Кэмбридж қ.). Іргесі 1636 жылы қаланған. 
3 (4). Стэнфорд университеті (Калифорния штаты, Пало Альто қ.).
4 (5). Массачусетс технологиялық институты. 150 жыл ішінде-ақ 70 Нобель лауреаты шыққан оқу орны.
5 (6). Принстон университеті (Нью-Джерси штаты).
6 (8). Берклидегі Калифорния университеті. 1868 негізі қаланған.
7 (9). Чикаго университеті. Университеттің экономика мен әлеуметтік-саяси ғылым саласы бойынша 79 ғалымы Нобель лауреаты атанған.
8 (11). Иель университеті (Коннектикут штаты, Нью-Хейвен қ.). АҚШ-тың бес
президенті осы университет-тің түлегі.
9 (12). Лос-Анжелестегі Калифорния университеті.
10 (13). Колумбия университеті (Нью-Йорк қ.). Бұл университеттің әлем бойынша 7 орталығы бар: Амман, Бейжің, Стамбұл, Париж, Мумбай, Сантьяго және Найроби қалаларында.

 Нұрбол НҰРАХМЕТ, суретші:
АМЕРИКАЛЫҚТАР ҚАЗАҚТАРҒА ҚЫЗЫҒАДЫ

Н.Нұрахмет: Мен о бастан АҚШ-та оқуды армандадым. Себебі, маған жаңалықтың бәрі сол жақтан келіп жатқандай сезілетін. Ресейдегі Петербор мектебінде де суретшілік өнерді жақсы оқытады деп естимін. Бірақ, мен жаңа бағытты танығым келді. Оқу бағасын қалтам көтермейтіндіктен, грант іздестірдім. Екі жылғы оқуыма мемлекеттен 150 мың АҚШ доллары төленді. Ал менде ондай қаражат ешқашан болмас еді. Оқудан бөлек, өмір сүруіңе айына кемінде 1 мың доллар жұмсалады. Сан-Францисконы таңдағаным − бізге ең алыс орналасқан нүкте екен. Мен ол жаққа ешқашан өз бетіммен қыдырып бармас едім. Себебі, ол қалаға ұшудың өзі 18 сағат. Сонымен, алдымен оқитын оқу орнын таңдап алдым. Екі-үш айдай сол академиямен хат алмастым. Портфолиомды жолдадым. Көкейімдегі сауалдарымды қойдым, өзіндік ой-пікірімді жаздым. Содан маған емтихан тапсыруға мүмкіндік берілді. Үш кезеңдік ағылшын емтиханынан ең төменгі нәтижемен өттім. «Болашақ» бағдарламасы таңдаған оқу орнымды растады.

Ұлан: Үш жыл оқыдыңыз ба?
Н.Нұрахмет: Жоқ, екі жыл. Негізі, үш жылдық магистратура. Ал мен демалыссыз қысы-жазы оқыдым да, бір жыл ерте бітірдім. Өйткені, біз оқуға түскен жылы «Болашақта» қысқарту, шектеу басталды. «Биылдан бастап үш жыл емес, тек екі жылға ғана жібереміз» деді. Үшінші жылды өз қалтамнан төлеуге шамам жетпейтіндіктен, қажетті кредиттерді жылдамырақ оқуға тура келді. АҚШ-тағы оқудың бір ерекшелігі де сол. Мәселен, магистрлік дәрежені алу үшін міндетті кредиттерді (пәндерді) алдын ала таңдап, тапсырып шығуға рұқсат. Ол жақта былай: әр оқитын пәніңе жеке ақша төленеді. Мәселен, бір пән кемінде үш мың доллар тұрады. Сосын қанша жерден жылдам аяқтаймын десең де, бір семестрде бес пәннен артық ала алмайсың. Арасында мамандығыңа сәйкес міндетті пәндерді оқисың. Ескерерлігі, білімгер емтиханда үштік, яғни «С» (67 ұпайдан жоғары) деңгейін алса, ол пәнді тапсырған болып саналады. Егер «-C» (67 ұпайдан төмен) алса, ол пәнді қайтадан ақшасын төлеп, оқуына тура келеді. Әр шәкірт өзі қалаған пәнді, оқытушыны таңдай алады. Сол үшін де оқытушылар арасында бәсеке жоғары. Шәкірттер таңдауы болуға тырысады, ізденеді.
Academy of Art University Сан-Франциско қаласының орталығында орналасқан. Мектепті суретші Ричард Стивенсон 1929 жылы ашқан. Негізгі бағыты –  сән мен дизайн. Сондай-ақ, актерлік шеберлік, анимация және визуалды әсерлер, ландшафтты сәулет, веб-дизайн, киім дизайны, жарнама, фотография, телевидение және кино өндірісі сияқты мамандықтары бар. Ең үздік мамандықтары: фэшн журналистика, мерчандайзинг, бизнес.
Университеттегі студенттер саны 17 мыңдай. Біржылдық оқудың орташа бағасы – 20 000 $. Оқуға түсудің негізгі талаптары: аттестат (диплом),  мотивациялық хат, түйіндеме, портфолио, TOEFL.

Қазір Алматыдағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде сабақ беремін. Болашақ суретшілерге жаңаша дүние үйретуге тырысамын. Өнер академиясындағы оқыту жүйесіне аса риза емеспін, шыны керек. Сол қателіктерді қайталағым келмейді.
Ұлан: АҚШ-тағы суретшілер мен біздің елдің суретшілерінің арасында қандай айырмашылық бар?
Н.Нұрахмет: Оларда идея мықтырақ. Заманауи. Капитализмге бағытталу бар. Салған суретіңді қалай, қандай бағаға сату керек, көрмеде қандай адамдармен танысу керек – соның бәрін үйретеді. Бір жағынан жақсы. Әйткенмен, сананы ақша билеген соң, өнерде шынайылық жоғала береді. Ал бізде суретшілер өнерге шын берілген жандар. Бірақ, кедей тұрады. Суретшіге менеджер керек. Суретші өз шеберханасында суретін салып, шығармашылығымен еркін айналысуы тиіс. Ал менеджері қалған мәселені реттеумен айналысуы керек. Біздің суретшілер өздеріне өзі менеджер болудан басқа амалы қалмайды. Менеджмент дамығаны қажет.
Ұлан: Дүниежүзі АҚШ-қа дамыған ел деп қызығады. Ал олардың қазаққа қызығатын тұсы бар ма екен?
Н.Нұрахмет: Бар, әрине. Америкалықтарда ұлт жоқ. Кез келген адам сырттан барып, америкалық бола салады. Содан біртұтас ұлттық намыс, дәстүр, мінез де жоқ. Ал Қазақстан – қазақтың жері. Америкалықтардың белгілі бір рух беретін жеке тарихы да жоқ. Ал қазақтың тарихы сонау мыңжылдықтардан басталады. Сол үшін олар біздің тарихымызға, ұлттық салт-дәстүрімізге қызығады.
Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №17, 28 сәуір 2015 жыл)
zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста