ОЛИМПИАДА 2012

Жанкүйерлер лебізі



Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты:

– Биылғы өткен Лондон­дағы ХХХ жазғы Олимпиаданы тамашала­маған адам жоқ шығар. Кеуде­сінде сезімі бар азамат­тар­дың шетте қалуы да мүмкін емес деп ойлаймын. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жанкүйер болды. Қазақта «Алыс­тан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді» деген сөз бар. Мойнына елдің намысы мен жігерін арқалап кеткен балаларымыз алқа асынып елге оралған сайын ерліктерін ұлықтап қарсы алдық. Жасымыз жетіп, денсаулығы­мыз сыр берген қарт адамдармыз. Бірақ Олимпиада маған біршама дауа болды. Басталған­нан сырқатымды ұмытып, жас балаша атойлап, ұранда­тып «Алға, Қазақ­стан!» деумен болдым. Жұмысымызды жиып тастап, теледи­дарға телміріп, «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қыса­ды» демекші, қатты қобалжыдым. Радиодан, телеарналардан берілген Олим­пиадаға арналған әндердің әуені әлі күнге жүрегімде ойнап тұр. Қосыла шырқап, жатсам-тұрсам сол әуен құлағымда ыңылдайтын болды. Кеудеңе мақтаныш пен қуаныш ұялатады. Басқа әндерді мүлдем айтпаймын, тіпті ұмытып қалған сияқтымын. Түн ұйқыны төрт бөліп, Қазақ елінен аттанған спортшылардың ешбірінің ойынын қалт жібермедім. Жақын туыс, дос-жаранға хабарласа қалсаң бірден Олимпиада ахуалын сұрасып, толағайларымыз­дың тілеуін тіледік. Ауыз бекітіп, ораза тұтқандар кешкі ауызашарда да бас қоса қалса ақ баталарын беріп, балалардың жеңіспен оралуына тілеулес екендігін көрсетті. Көрсетілімдер мың мәрте қайталанса да, қайта көруден тайынбадым. Өзім, негізінен, велосипед жарыс­тарын тамашалауды жақсы көретінмін. Винокуров жеңіске жеткенде менің төбем көкке жеткендей болды. Бокс пен ауыр атлетикадан да шыққан жас балалардың ерлігі мен кішкентай білектеріндегі сонша күштің барлы­ғына қатты таңғалдым. Әсіресе Илья бауырымыздың ойнап жүріп зілтемірді ұршықтай үйіргені қатты ұнады. Қуанышымды сөзбен жеткізе алмай, көзіме бірнеше мәрте жас үйірілгені рас. Төрт жылды артқа тастап, келесі ойындарға аттанған спортшыларымыз осы жеңістің ізін жалғастырсын деп тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Спортқа аса көңіл бөліп, жеңіс тұғырына жетуге серпін берген Елбасының денсау­лы­ғы мықты болсын! Көк туымыз желбіреп биіктерден көріне берейік!




Әділ АХМЕТОВ, ҚР Парламенті Cенатының депутаты:

– Бұл Олимпиаданың Қазақ­стан үшін бергені көп қой. Өйт­кені Қазақстан мұндай жетістікке ешқашан жеткен емес. Жеті алтын, бір күміс, бес қола медаль – үлкен еңбектің нәтижесі. Біздің спортшылар керемет жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе зілтеміршілер айрықша атап өтуге лайық-ақ. Илья Ильиннің ерлігіне сүйсін­беген жан жоқ шығар. Ауыр атлетикадағы қыз­дары­мыз да жеңіс тұғырынан көріне білді. Бокстан бір азаматымыз алтынға ілігер деп қатты үміттеніп едік. Сол арманға да жеттік. Бүкіл отбасымызбен орнымыздан тік тұрып Серік Сәпиевтің жекпе-жегін тамашаладық. Ол жеңіске жеткенде қуаныштан көзімізге жас алып, қол шапалақтадық. Ертеңгілік Астанадағы «Бәйтеректің» маңына серуендеуге шықсам, барлығы да менің басымнан кешкен әңгімені айтады. Бәрі де Сәпиевтің ақтық са­йысын отбасыларымен көріп, зор шаттыққа бөленіпті. Күміс, қола жүлдегер атанғандардың барлығы да болашақта алтын медаль алуға тұрарлық спортшылар екеніне көзім жетті. Олар кішкене піспей, жетілмей тұрған жерлерін жетілдірсе, одан да үлкен биікті бағындырады. Белдесуге шыққан балуандарымыздың да мүмкін­діктері зор. Құдайға шүкір, күш-қуат баршылық. Тек техникаларын шыңдаса, келесі Олимпиадада бізге алтын медаль әперер деп сенемін. Ұлттың намысын ту еткен спортшыларымыз бәріміздің де еңсемізді бір көтеріп тас­тады. Отан­шылдық, ұлтжандылыққа осындай бәсекелер әкеледі. Бокс, күрес, зілтемір сияқты спорт түрлерінен мерейіміз үстем бола бермек деп есептеймін. Биылғы жетістіктерді көзбен көрген жастар мен балалар қазіргі спортшылардан да асып түспесе, кем түспейді деп ойлаймын.




Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Қазақтың қасиетті сандарының бірі – жеті. Мен үшін ел спортшыларының Лондон Олимпиадасында жеті алтын медаль алғаны жетпіс алтын медаль алғанмен бірдей. Бұдан бұрын біз бұл жетістікті армандап келдік. Лондондағы спорт додасының өзге Олимпиадалардан өзгешелігі осында болса керек. Бұл – Қазақстан халқының бірлігінің жеңісі мен жемісі. Елбасының саясаты да осыған саяды. Кеңес өкіметі тұсында әлем Қазақ елін білмесе, Тәуелсіздік алғаннан бастап тыныштық пен татулық орнаған, дархандық пен даралық қасиеттер қанында бар халықты жаһан жұрты тани түсті. Осы Олимпиада Қазақстанды қыран қанатты ел ретінде көкке шарықтатты. Мені Серік Сәпиевтің жеңісі қатты қуантты. Себебі мен Серіктің жанкүйері едім. Менің айналамдағы жора-жолдастарым да Серіктің жеңісіне тілектес болып еді. Құдай тілегімізді берді. Мемлекетіміздің салмақты да салихалы саясатының арқасында әлем мойындап жатқанда аспаннан жауғандай қола медальдардың өзі алтындай ардақты. Спорттағы басты жетістіктің кілті – жаттығу. Ерінбей-жалықпай, бар күшті салып, аянып қалмай еңбектенгеннің ғана жолы болмақ. Одан кейін жас спортшыларымызды отаншылдық, мемлекетшілдік сезімді саналы түрде сезінетін дәрежеге жеткізу керек. Жеріміздің бір уыс топырағы тұмар етіп тағатындай қадірлі де қасиетті! Спортшыларда да сондай Отанға деген сүйіспеншіліктің бола бергенін тілеймін.




Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Олимпиада – екі апта бойы әлем көз тіккен үлкен дода. Қазақ елінің намысын қорғаған барлық спортшыларымыз, біздің ұл-қыздарымыз шын мәнінде мемлекеттің рухын көтеріп, байрағын желбіретіп, күллі әлемге Қазақ елін танытты. Сондықтан олар жоғары сыйға, марапатқа лайық деп есептеймін. Әсіресе ауыр атлетикада сынға түсіп, топ жарған зілтеміршілеріміздің ішінен Илья Ильинді атап өтуге болады. Кейін былғары қолғап шебері Серік Сәпиевтен үлкен үміт күттік. Күллі қазақ баласы Серіктің жұдырығымен бірге жұмылғандай болды.Үкілеген ұлымыз қазақ қоржынына жетінші алтын медальды салып, мерейімізді одан әрі үстем етті. Отанға деген сүйіспеншілігіміз артып, шабытым арқаланып, кеуде өрісімде өлең жолдары өздігінен өріле берді:

Ақ ұрсаң аламанда алаң қайғың,

Жанымның жапырағын саған жайдым.

Рухын сен арқалап шықтың, інім,

Махамбет, Райымбек, Қабанбайдың, –


деп тарихта есімдері алтынмен жазылып, сақталатын спортшыларға мың алғысымды білдіргім келеді. Отандастарды, бапкерлерді жеңісімізбен құттықтап, елімізге бірлік, береке тілеймін! Талайларды таланты мен күш-жігерімен мойындатқан спорт майталмандары аман болсын!




Көрілген: 2587    Пікірлер: 0

сейсенбі, 14.08.2012, 12:07

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Тамыз 2012
    Зілтемірші Зүлфия
    14 Тамыз 2012
    Мұқалмас Майя

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30