Сайыпқыран Светлана
• Елбасының құттықтау жеделхаты
Қазақстандық спортшы Светлана Подобедоваға !
Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиялық ойындардың ауыр атлетика сынындағы жеңісіңмен құттықтаймын!
Шиеленіскен бәсекеге қарамастан, сен біздің елімізді әлемдік ойындарда лайықты таныта алдың. Сен жеңіп алған алтын медаль – жоғары шеберліктің, мықты ерік-жігердің және рухтың бекемдігінің көрсеткіші.
Сенің көптеген спорттық жетістіктеріңнің қатарында енді Олимпиада чемпионы атағы бары да өте қуанышты.
Саған табыстар және жаңа жеңістер тілеймін!
3 тамызда Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында ел қоржынына төртінші алтын медаль түсті. Бұл – екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедованың жеңісі болатын. Аса тартысты өткен бәсекеде Света отандастарынан басым түсті. 75 келіге дейінгі ауыр атлеттер бәсекесін де талдықорғандықтар тағатсыздана күткен болатын. Ауыр атлеттер алтынға қол созған сәттен бастап қалада жастар күшімен тұрақты жанкүйерлер клубы құрылды. Олар бәсекенің барлығын тікелей эфирден тамашалап, отандастарымыз үшін жан-жүрегімен күйзеліп, жеңістеріне қуанып жүретін. Шыны керек, Светаға оңай болған жоқ.
Жұлқа көтеруде алғашқы мүмкіндігін мүлт жіберген ол 130 келімен жаттығуды аяқтады. Ал ресейлік Наталья Заболотная 131 келіні басынан асырып, Олимпиада рекордын жаңартты. Әрине, бұл сәт Света үшін психологиялық тұрғыда әсер етпеді деу қиын. Себебі осыдан алты жыл бұрын Света дәл осы Наталья мен Надеждалардың кесірінен Ресейден кеткен болатын. Бірінші жаттығуда Надежда Евстюхина (Ресей, 2011 жылғы әлем чемпионы) ойламаған жерден үш ретте де 125 келіні көтере алмай жарыстан шығып қалды. Моральдық тұрғыда, іреудің наласына қуану дұрыс емес екенін білсек те, жанкүйерлер болып сол сәтте бөркімізді аспанға аттық. Ендігі қарсылас тек Заболотная, Светада кемінде күміс бар деп қуандық. Білікті бапкерлердің арқасында сол күмісіміз серпе көтеру сынында алтынға айналды. Үшінші мүмкіндігінде Н.Заболотная 160 келіні бағындырды. Ал Света 161 келіге тапсырыс берді. Күдік пен үміт араласқан 2 минут өтіп бітпей қойды. Подобедованың 161 келі батпанды басынан асыра көтергенде ғана аһ ұрып айқайлап, қуаныштан Алексей Ни секілді секіргеніміз есімде. Жастар жиналған мейрамхана іші бір сәтте шат-шадыман болып сала берді. Қоржынға төртінші алтын түсті. Жарайсың, Света!
Рустам АЛПЫСБАЕВ, жанкүйер:
– Міне, Қазақстан тарихында төрт алтын медаль иеленген Олимпиада тұңғыш рет болып тұр. Әлем спортшыларымыз арқылы қазақты танып жатыр. «Тек алтын алатын ел екенсіңдер» деп құттықтап жатыр шетелдік достарым. Қазақстан азаматы ретінде, Жетісудың тұрғыны ретінде мен ауыр атлет қыздарымызбен мақтанамын! Жеңістеріміз көп болсын!
Светлана Николаевна Подобедова 1986 жылы Ресей Федерациясының Иркутск облысында Зима қаласында дүниеге келген. 2007 жылға дейін Ресей туы астында өнер көрсетті. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Еуропа чемпионы деген атақтарды 20 жасына дейін алып үлгерді. 2007 жылы РФ ауыр атлетика федерациясымен арадағы келіспеушілікке байланысты Подобедова құрама сапынан аластатылды. Бұл кезде команда жасақтап жатқан Алексей Ни Светаны өзіне шақырып, өзі жеке бапкер болып жаттығуын бастады. Алайда Ресей Федерациясы келісімін бермегендіктен, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына Подобедова қатыса алмаған еді. Міне, төрт жыл күткен күнге де жетті. Ақырында Подобедова мықты екенін мойындатты. 2010 жылы Светлана Подобедова «Планетаның үздік зілтеміршісі» деген атақты иемденгенін де мақтана айтамыз.
Гоянгтағы әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін Подобедоваға Талдықорғаннан пәтер берілген. Қазіргі кезде Қаскелең қаласында тұрады.
Жетісулық чемпиондар қазіргі кезде Алматыда тынығып жатыр. Оларды ұлықтау рәсімі Талдықорғанда 15 тамыз күні өтеді. Алматы облысы әкімдігі зілтемірші аруларға тосын сый дайындап жатқан көрінеді.