Қонысбай Әбіл

20 мамыр 2014, 17:08

Қонысбай Әбіл 1954 жылы 19 мамырда Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қазақстанның халық ақыны.
1977-1980 жылдары - Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің жауапты хатшысы. 1980-1985 жылдары - «Лениншіл жас (қазіргі «Жас алаш») газетінің Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі, облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары. 1990-1991 жылдары - «Арқалық арайы» газетінің редакторы. 1991-1995 жылдары Торғай облыстық телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқарған. 1997-1998 жылдары - Арқалық қаласы мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1998-2002 жылдары - Астана қаласы әкімі аппаратының тіл саясаты бөлімінің меңгерушісі. 2002-2006 жылдары - Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы болды. Арқалық қаласының құрметті азаматы.
Ақынның алғашқы жыр жинағы 1980 жылы жарық көрген. Бірнеше прозалық шығармалардың авторы. Қ.Әбіл - белгілі айтыскер ақын. 1990 жылы Ташкент қаласында Базар жыраудың 150 жылдығы құрметіне өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындарының айтысында жеңімпаз атанып, ІІІ республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін иеленген. Айтыстары «Мәңгілік көктем», «Жыр-шашу», ауызша әзілдері «Деген екен...» ұжымдық жинақтарына енген. «Астана» медалімен марапатталған.