Марат Тоқашбаев

19 мамыр 2014, 10:08

Марат Тоқашбаев 1949 жылы 18 мамырда Талғар қаласында дүниеге келген. 1969 жылдан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, 1982 жылдан республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылы «Заң газетінің» алғашқы Бас редакторы болды. 1997 жылы Қазақ теледидарының жаңадан құрылған «Ақшам» ақпарат бағдарламасын басқарды. «Қазақстан–1» телеарнасы ақпарат бағдарламасының Ақмоладан тікелей эфирге шығуын қамтамасыз етті. Қазақстан Президентінің Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарлары туралы репортаждар жүргізді. 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып тікелей эфирден репортаж берді. 1999 жылдан Қазақ теледидарының Бас директоры болды. 2002 жылы халықаралық «Қазақстан–Заман» газетін басқарды. Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы болған. Қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы.
1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1990 жылы Мәскеудегі Баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтын бітірген. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Публицистикалық мақалалардың, «Қазақстан–1» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу», «Атамекен», «Түркі әлемі», «Истоки», «Сәлем, ХХІ ғасыр!», «Қадыр түні» сияқты жұртқа танымал жобалардың авторы. Елбасының екі рет алғыс хатын алған. «Астана» медалінің иегері.