Байлардың өмірі инстаграмда, орта таптың өмірі аптобұста

24 желтоқсан 2021, 22:24

Аптобұс дегенің де бір инстаграм сияқты ғой, шіркін! Жұрттың бәрінің қолында бір-бір телефон. Құдайға шүкір, дамып кеттік қой! Құдайға тәуба! Бұрынғыдай ешнәрсені жасырып-жаппайтын болғанбыз. Жасырып не керек?! Инстаграмдағы әнші-биші, бай-манаптар да өзінің ғана емес, бүкіл туыс-туғанының не жеп, не ішіп, мына ғажап дүниияның қандай караматтарын көріп жатқанын күн құрғатпай салып жатыр ғой. Солардан қай жеріміз кем?! Айқайлап сөйлесіп, бұкіл аптобұсты басымызға көтереміз. Онда тұрған не бар, ал?!
Кеше жұмыстан үйге аптобұспен қайттым. Ой, енді айтары жоқ! Күшті боп қалдыми.
Қарама-қарсымда отырған ерні қаймыжықтай бір ботқа бет қара қатын үйге жеткенше құлағымның құрышын қандырды ғой әбден. Өзі сөйлегенде аузы аузына жұқпай жыпсыңдап кетеді екенЧі 
- Құдаааай, "Құдағиға норкывый шуба пүліс алтын набор. Не жирна будет?!" дедім бауырыма. Өзің не кидің дейсің бе? Алтын жүзік. Алтын деген аты ғана. Пустышка! Ілмиіп, сынайын деп әрең тұр. Құрсын, соны не деп әкелді дейм да!
Қара қатынның әңгімесіне елтіп кетіппін. Енді өзіміз де құда-құдағи болып, құдалық жасадық қой. Түрлі ньюанстар еске түсіп... Бір кезде арт жағымнан саңқ еткен дауыстан селк ете қалдым.
-Алпамыс, иттің тамағын бердің бе? Осыдан үйге барайын, иттің баласы, өлтірем бар ғой! Сабағыңды оқыдың ба?
Терезеге сүйеніп сызылып отырған сары келіншек те түсетін аялдамасына жеткенше "жадный" абысынының құлағын шулатып жатты.
Бырш-бырш терлеп, адамның жүрегін айнытқаны болмаса, былай ешкімге зияны жоқ кісі сияқты көрінген жігіт ағасы да барылдай сөйлеп, қық-қық етіп күліп, үйіндегі біраз жайттан мол мағлұмат берді.
- Келісі екі мыңнан дейсің бе? Ойбай, арзан ғой! Алайық! Біз екі үйіміз бөліп аламыз. Бір сан, бір қолы ғой сол. Былтырғы соғымды көктемге дейін жедік қой, қық-қық-қық!
Байлардың өмірі инстаграмда, орта таптың өмірі аптобұста 
Әлеуметтік желі мен аптобұстан жұрттың өмірін қызықтап отырғанда өз өміріміз өтіп кетпесінші, құрсын! Алда Жаңа жыл! Айтпақшы, корпоративкаға барасыздар ма?

facebook.com парақшасынан