Жалаңаш әкімді кім көріпті?...

21 ақпан 2022, 00:33

ШЕШІМ

(әзіл әңгіме)

 

Әкім қоғамдық моншаға барды.Ол да адам ғой. Күнделікті жұмыстағы бітпейтін күйбің-тірліктен бойы тазарғысы келді. Бастапқыда ешкім аңғармады. Жалаңаш әкімді кім көріпті? Дегенмен көзі қырағы біреу танып қалды.

 

-Мынау әкім ғой-деді айқайлап. Шомылып жатқан барша адам жалт қарады. Қоршап алды.

 

Бір сақалау кісі жиналысты бастап жіберді.

 

-Әкім мырза, сізді қолға түсіре алмай жүр едік. Өткенде бір орынбасарың дөрекілеу екен. Мына,азық-түліктің бағасы неге тұрақтамай тұр?-деп едім маған ұрысып тастады.

 

-Жақсы шарасын аламын-деді әкім. Сырадан ұртап алған бір жігіт:

 

-Шынымды айтсам сіз халық үшін қаншама қыруар қызмет жасап жүрсіз? Бірақ, тайша шапқылап жүрген көмекшілерің шайып жүр ғой.Олар неге сіздің атыңызға кір келтіреді?

 

-Сол кірлерді жуып-шаюға келдім-деді әкім қалжыңдап. Жұрт ду күлді.

 

-Неменеге жетісіп күлесіңдер? Көшенің жолы анау шұрық-тесік. Қала лас.Халықтың тұрмысы нашарлап кетті-деп жасы келген қария дауыс көтерді.

 

Әкім екі сағат бойы жақсы сөз естімей моншадан шаршап шықты. Ертеңіне кабинетіне барлық орынбасарлары мен департамент басшыларын шақырып алды.

 

-Кім моншаға барады? Тосын сұраққа қарамағындағылар абдырып қалды.

 

-Сізбен бе?-деді біреу.

 

-Жоқ. Жалпы қоғамдық моншаға кім шомылып жүр деймін.

 

Ешкім үндемеді.

 

-Мен тек саунаға түсемін-деді көзі алмадай бажылдауық басшы әйел .

 

-Міне,сендер моншаға бармаған соң түк білмейсіңдер.Кеше мен бардым.Халық сендердің жұмыстарыңа риза емес.

 

Барлық сала бойынша үлкен сын айтылды. Бір өнерлі жас жігіт жалаңбұт тұрып өкпесін айтқанда жерге кіріп кете жаздадым. Қолдарыңнан іс келмесе орындарыңды босатыңдар. Болмаса басқа шарасын жасаңдар. Қазір жарты сағат уақыт беремін бір шешімге келіңдер-деп столды жұдырығымен бір соғып сыртқа шығып кетті.

 

Кабинетіне барып өзі тағайындаған біліксіз қызметкерлеріне ашуланып терезеге қарады. Әкімшілік алдында тағы бір топ адам шу шығарып жатыр. Әрине,олар еріккеннен келмейді.

 

-Ал,құрметті әртістер,аа кешіресіздер әріптестер не айтасыздар?

 

Аппарат жетекшісі орнынан түрегелді.

 

-Басеке, ешқандай уайымдамаңыз бәрі ойдағыдай шешілді.

 

-Бәрекелді,даудың шешімі табылды ма?-деді әкім қуанып.

 

-Сіз енді моншаға бармаңыз...

 

Сол күні қаладағы барлық қоғамдық моншалар карантинге жабылды.

 

 

 

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН

ФБ парақшасынан