Кешке кездесуге шық. Джинсы киіп барам...

21 мамыр 2021, 08:56

Сексенінші жылдарда біздің ауылға сұмдық жаңалық жетті: «Джинсы деген шалбар шығыпты». Оны тек саудагерден (ол кезде бизнесмен, коммерсант деген ұғым жоқ қой — Б.Б) алуға болады екен! Бағасы да удай — 130 рубль. Ең мықты деген кәстөм-шалбарың 70-80 рубль тұратын заманда, бұл дегеніңіз, астрономиялық сома. Ал біз секілді оқушыларға шешеміз 40-50 рубльдің кәстөмін алып беретін.
...Сонымен хабар жетті. Танауымызға жел кіріп, кластағы әдемі қыздарға қарап қойып жүрген біз үшін ең басты жаңалық — осы еді. Көп кешікпей ауылда «анау сатып алыпты», «мынау сатып алыпты» деген әңгімелер шыға бастады. Бәрі де — үлкендер. Бірақ біздің көзімізге түсе қойған жоқ.
Бір күні көрдік-ау, ақыры. Бізден бір класс жоғары оқитын Ж. киіп келіпті. Күллі мектеп Ж-ның айналасына жинала қалдық. Өзі де сұңғақ бойлы, әдемі бала еді, джинсы жараса қалыпты. Бірнеше жерде салпыншағы бар. Ал артындағы Техас деген шетелдік жазуды көргенде көзіміз тіпті тұманытып кетті...
Ж-ның салтанаты ұзаққа созылған жоқ. Мектеп директоры көріп қалып, сабақтан айдап шығыпты. Мектепте «төтенше жағдай» жарияланып, класс жетекшілері дереу жиналыс өткізді: «Бұндай шалбарды мектепке киіп келуге рұқсат жоқ. Ал әке-шешеңе: «Алып бер...» деу нағыз оңбағанның ісі. Кеңес оқушысы жат бұндай әрекеттен аулақ болғаны дұрыс...».
Аптығымыз басылып қалды. Әсіресе Ж-ның жүні жығылып қалған сияқты еді. Сырт көзге ғана екен. «Шыт көйлектің де буы болады...» — дейтін шешем. Ал джинсыдың «буы» әлемет болады екен. Ж. біздің кластың ең әдемі қызына хат жолдапты: «Құрметті К...! Кешке кездесуге шық. Джинсы киіп барам...». Біраз бозбаланың емеурінін танып үлгерсе де, дәл мынадай мазмұндағы хат алып көрмеген әлгі сұлу күліп, құрбысына айтады. Ол тағы біреуге. Қысқасы, екі-үш күнде күллі класс құлақтанып болды. Әр жерде жырқ-жырқ әңгіме. Кеше қолымыз жетпеген джинсы енді қылжаққа айналды. Қалжыңбас Болат екеуміз сабақ үстінде қыздарға хат жазамыз: «Құрметті ....! Кешке кездесуге шық. Джинсы киіп барам...». Хатты алған қыздың көзі жарқ етіп, саған қарайды. Оқығанының белгісі. Көбі үндемей қоя салады. Пысықтары қайыра хат жазады: «Әуелі джинсы сатып ал, сосын көрерміз...». Мұндайда мұрныңды бір тартып, бәтеңкеңнің басына қарағаннан басқа амал жоқ...
Бірде әкеме қыңқылдап көріп ем, бағасын естігенде, шорт кесті: «Ауру адамның әңгімесін айтпа!». Әжемнің тілімен айтқанда, «деректірлік оқытатын» (пединституттың тарих факультеті деп ұғыңыз — Б.Б) оқудан бұзақылығы үшін 1-курста-ақ қуылып, ауылда мал бағатын, бірақ Кеңес Одағында шығатын газет-журналды түгел дерлік жаздырып алып, оқитын көкем мынадай жаңалық айтты: «Джинсы — капиталистік елдердегі жұмысшылардың киімі. Олардағы ең арзан шалбар — сол!» Мен, әрине, сенгенім жоқ...
...Осы күні бұтымыздан тастамайтын джинсы біздің ауылға осылай келген. Сіздің ауылға ше?

Бауыржан Бабажанулы

Фейсбуктегі парақшасынан