Кезінде денемен сыйлассақ, қазір енемен сыйласып жүрмін

24 мамыр 2022, 13:28

2006 жыл.

 

Ең алғаш рет Түркістан қаласынан Сайрам ауданына келген кезім. Адамдардың бəрі жат. Өз туыстарым мен аудандық газеттегілерден басқа ешкімді танымаймын. Туыстарымның үйі жұмыс орныма алыстау болған соң,  жұмысқа жақындау жерден пəтер тауып, сонда орналастым. Əлгі пəтерде  колледжде жəне университетте істейтін жасы үлкен бірнеше қыз тұрады екен. Ал мен əлі 20-ға толмаған студентпін. Ет жеңділеу қыз едім. Пəтердегі қыздармен   əнгімем жараса қоймады. Өздерінше "местная" болып тиіскен түрі. Өтіп бара жатып иықпен соғып кететін. Түркістаннан шыққан жынды мен қарап тұрам ба ? МАҒАН істегенін өздеріне істеп, байқамаған болып,  аяғын басып кетіп, "білмей қалдым" деп, қарап тұра беруші  едім. Үй болған соң шашылады. Кезекпен жинаймыз.  Ал əлгілер топтасып алып, бүкіл тірлікті маған істетпек болады.

 

Жасымның  кіші екенін алға тартып, ыдыс жу, шай дайында жасың кіші деп жұмсайтынды шығарды.

 

Жүгіріп кете салатын мен жоқ.

 

-Ей бері қараңдар!

 

Мен жаспен емес, денемен сыйласатын қызбын денемен. Егер əнгімелерің болса разна- раз шақырам бəріңді -дедім. Олар жырқылдасып күлді де қойды. Ірілігімнен қорқты ма, жуан жұдырығымнан қорықты ма ешқайсысы жекпе-жекке  шыға  қойған жоқ.

  

Осы сөзден кейін, қыздардың арасында "денемен сыйласатын қыз" атанып кеткен едім. Өздерінше пəтерде бірге тұратын екі шошақай  қызға крышовать етіп, шашымдағы заколканы тарттырады, общым білгендерін істеп бақты. Шыдамның да шегі бар. Айтақталып жүрген екі  қызды қуып барып бұрышқа тақап,  "еркектерсский" жұдырықпен ұрдым аямай. Сол оқиғадан кейін,  ешкім сөйлей алмайтын болды.

 

Кейін бəріміз дос болып кеттік . Мені жеккөретін жасы үлкен қыздар менсіз шай іше алмайтын сырлас құрбыға  айналды. Арасында əзілдеп,

 

-Қыз-ау ертең тұрмысқа шықсаң дəу қатын болатын шығарсың -деп күліп алатын. 

 

Арадан уақыт өтіп, əрқайсысымыз өз бақытымызды тауып, тұрмысқа шығып кеттік .

 

Міне,  бүгін магазинге кіріп зат алып тұрғанмын. 

 

Жанымда қатарласып    екі қабат əйел тұрған. Әлден соң жүзіме барлай қарады да:

 

 -Ее денемен сыйласатын қыз не боп кеткенсің?  -деп бүкіл жұрттың көзінше айқайлап жіберді. Өзі өзгерсе де ,жанары өзгермепті.

 

Бірден таныдым. Бұл  баяғы 90-60-90 болып жүретін фигурасы зың Перизат құрбым. Байға тиіп, мен емес, керісінше ол дəу қатын болыпты.

 

-Жаным-ау баяғы денең қайда?- деп қайта-қайта сұраумен болды. 

 

Ол дене сол тұрмысқа шыққан күні-ақ келмеске кетті ғой! - деймін мен.

 

Кезінде "толықпын" деп таң ертемен əтештен бұрын тұрып алып,  жүгіруші едім, мен жүгіргеннен  көшенің  бүкіл қаңғыбас иттері арқамнан қуып беретін. Соңында Ольга Шешегина болып кете жаздап,  құдай сақтап қалған.

 

Кезінде денемен сыйлассақ,  қазір енемен  сыйласып жүрмін. Қабырғам көрінбей қайтсін  сосын?

 

 

С. Абылбекова

Фейсбуктегі парақшасынан