Қаз-қалпында
Төсі томпиып, бөксесі бұлтиғандары да кезінде Алматының өзінде қолға зорға түсетін. Ағам өзінің алғашқы қараторысын таласып жүріп алыпты. Кейін түрлі-түсті - өңдісіне құштар болған ол таксиге өңгерісуге мені де ерте барып, түн ортасынан түс ауғанға дейін Горький көшесіндегі «Электроника» дүкенінің алдындағы қырғын өшіретте табаным тесіле жаздаған.
Белін қынай буып, кеудесін кең керіп, мүсінін әбден мықтаған қазіргісі тіптен қолжетімді болды ғой. Көркем қылығын да күннен-күнге көбейтіп, құшағын айқара ашса да, қалтадағы құртақандай смартфон құрғырдың кесірінен сол қызыққа мына жұрт суып бара жатқан сыңайлы.
Телевизорды айтам да...
90-жылдардың тоқырауына тап келген біздің студент шағымызда осынау көк арайлы «жәшікті» қалың киіз кітапқа алдын-ала жазылып, шамаң мен шіретің жетсе ғана жалға алуға болатын. Сондықтан, 5-ші жатақхана атты «жын-перілер» ордасында телигі бар бөлменің әлеуметтік ахуалы күрт артып, тұрғындары да тәкаппар тартып қалатын. Өйткені фойеде тұрып, әркімнің күрзі жұдырығынан миы әбден шайқалған «көк сандықтан» көңілдері қалған ел «Санта-Барбара» мен «Рабыня Изаура» сияқты сериалдар сағатында бірден осы беделді бөлмені бетке алар еді.
Өзім оқудың соңғы жылында бөлмесінде томпиған телевизоры тұрмақ, монтиған морозильнигі бар курстас қара қызым Салтанат Хусаиноваға үйленіп, барлық мәселені кешенді түрде шешкендей едім. Есесіне, отбасылы ретінде КазГУ-градтағы бес жылдық пропискадан бір-ақ күнде айрылып тындық. Никольский шіркеуі маңындағы семьялы студенттерге арналған жатақхана жөндеуге жабыламыз деп, жолатпады. Содан, бас аман болсын деп, «Рекорд-В312» және «Морозко-3М» атты «монти-томпиымызды» жұбайымның жасауындай арқалап кете барғанбыз.
Бұл өзі – келіншегіме Нархозда оқыған Руслан мен Жанылдай аға-жеңгесінен қалған мұра екен. Олар да кезінде жерлестерінен еншілеп қалған дефицит дүниені оқуларын аяқтап, елге аттанарда, прокат пунктіне қайтармастан, Салтаның атына қайта рәсімдеп кеткен ғой. Сөйтіп, ол бөлмелес құрбыларымен бірігіп, айлық төлемін дұп-дұрыс төлеп тұрыпты.
Мен келіп «килігіп», жылы орыннан жылжып, баспана таппай, бас қайғы болып кеткен соң-ақ олардың төлемі тұрмақ, бары мен жоғын да ұмытып едік. Әрине, барлығын жастығымызға жабамыз ғой. Десек те, «міндетті төлемдер» дейтін бапқа әрдайым төрден орын беретін курстас келіншегім екеумізге тап сол тұста ақыл жетпеді ме, жоқ, әлде ақша жетпеді ме, әйтеуір отбасылық бюджеттің шығыс бөлігінің осы бір тармағынан мүлт кеткеніміз де және оған қыңқ етпегеніміз де анық...
Біраз уақыт баспанасыз босып жүріп, маңына жолатпай қойған отбасылық жатақтың бір бөлмесіне Құдай тілеуіңді ғана бергір старостамыз Біржан Белғараевтың күшімен уақытша жайғасқан соң ғана, Төлеуғали ағамның балконын күзетіп қалған техникамызды әкеп, тоққа тыққанбыз.
Сонда ғана назар аударғам: әлі де қызмет қылуға кетәрі болмай тұрса да, жас шамалары өзімізбен қарайлас «байғұстардың» көрмегендері жоқ көрінеді. Түбі шіріп, есігі ернеуіне әрең жабысып тұрған жарымжан мұздатқышты көтеріп қалсаң, «іші өтіп» кетіп, тат сіңген пенопласттың сары ала түйіршіктерімен айналаны айрандай қылады. Ал тоқпаққа бір тоймайтын телевизор қояншық ұстамасына әлдеқашан шалдығыпты. Тістеуіктен өзге «пультты» мойындамайтын сарт-сұрт бұрамалы тумблерінің тұқылы ғана қалған.
Десе де, осы мүкаммалдың арқасында азын-аулақ ас-суымыз бұзылмай, сериал іздеп сабылмай, айтарлықтай ауқатты тұрып жаттық. Құдайға шүкір, көк жәшіктің алды кешке қарай «Богатые тоже плачут» пен «Просто Марияға» көз жастарын көпіртуге келетін көрші келіншектерден босамайды.
Ондайда аяқ астынан «әлдеқандай» бола қалатын қолдан жасалған қиқы-жиқы «антеннамыз» еркелігін әбден-ақ көрсетеді. Оны көтеріп алып, кілегейленген көздері көгілдірлене алақтаған сериалсүйгіштердің бірі бөлме ішінде байыз таппай, арлы-берлі сенделіп кетер еді. Ақыры ол терезенің алдына қарғып шығып, тап бір Мәскеудегі жұмысшы еркекпен жағаласа, орағын көкке көтерген колхозшы қатынның мүсініне ұқсап, демін шығармастан, тастай қатқан қалпында тыныш табатын...
Осынау бөлмедегі түп-тұқиянымен қырып тауыса алмаған тарақандармен бейбіт қатар өміріміз диплом алғанға дейін ғана баянды болып еді. Сөйтіп тағы да жан сақтаудың жырымен «жаһан кезіп» кеткенде, ауы тесіліп, бауы кесіліп, берекесі әбден кеткен бұйымдарымыз бұл жолы Ниязбек қайынағамның ауласындағы шаң басқан шағын сарайдан сая тапқан...
Табаннан таусылып жүріп, біз де Сәтпаев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында орналасқан қос қабатты үйдегі Тамара Павлована есімді ұлты украин кемпір мен дядя Витя деген орыс шалдың адамнан гөрі, әрқайсысы бір-бір мамық көрпе төсенген иттер мен мысықтардың мекеніне көбірек ұқсайтын төрт бөлмелі пәтерінің қуықтай бір бөлмесін жалға алып, кәп-кәдімгідей жетісіп қалып едік.
Осылайша арада айлар өткенде, менің алатын айлығым аздай, курстас келіншегім де жұмысқа кірмекке тынышы кетіп, қаладағы Дәмеш апасының үйіне тіркеуге тұра қоймағанда, саудасы біткен шарқыштарым сол сарайдан тікелей қоқысқа аттанар ма еді...
Ой, Алла, мына сұмдықты қараңыз! Курстас келіншегімнің пропискаға тұрғаны сол-ақ екен, ізінше... Төлемек түгілі, төрт ұйықтасақ түсімізде көре алмайтын соманы шұғыл өтемеген жағдайда ісіміз сотпен болатынын ескерткен хабарлама тарс етіп қолға тиген! Өкіметтің қолы ұзын екеніне тәнті болғанымыз сондай, төбемізден жай түскендей, теңселіп-ақ кеткенбіз. Сылдыраған су тұрмақ, тоз-тозы шыққан тамтықтың да сұрауы боларын енді ұққандай, есеңгіредік те қалдық.
Сөйтсек, масқара, біз деген - сайда санын, құмда ізін жасырып, осы уақытқа дейін іздеуде жүрген нағыз залым зымиянның нақ өзі екенбіз. Асып-сасып, аннан-мұннан азын-аулақ ақша жиыстырып, «бәлелі құйрықты» өткізіп тастап, береке таппаққа бекіндік.
Содан, «Егемендей» бас басылымда бірге қызмет істейтін курсымыздың аппақ жүректі қап-қара баласы - Жолдасбек Шөпеғұлов досымды жаныма ертіп алып, ұшып отырып, Рысқұлов пен Белинский көшелерінің қиылысындағы қайнағамның үйіне жетейік.
Барсақ, Құ-ұда-ай... Сарайдың іші бомбы түскендей астан-кестен. Апта бұрын ауылдағы ағайын қонақкәдеге атаған малын тірідей әкеліп, тарту еткен асау қойды қалалық қасқалар бірден сойып тастамай, бірнеше күн бойы тап осы сарайға қамап ұстапты. Көшеден өткен-кеткен көп мәшиненің зыр-зырынан есі шыққан, өмірінде қала көрмеген жабайы жануар жуастықтан жұрдай болып, аласұрған ғой.
Қалғанын қойшы, әшейінде семіздікті сол ғана көтереді деп мақтайтын миғұла неме онсыз да қаусап тұрған телевизорымды еш аяусыз тас-талқан етіп қиратыпты да тастапты. Қайтейін-ай, қаңқасы қақ айырылған сорлының кинескобы тоңқайып төр жақта, қақпағы шалқайып есік жақта, ұсақ-түйегі шашылып жан-жақта жатыр... Мықыны шірік мұздатқышым үстелдің астына тығылып, жаны қалса да, зорға ілініп тұрған есігін топсасымен жұлдырып беріп, тыныпты. Онысы аздай, тышқағы түскір ақымақ хайуан топылдата тышып, қуыс-қуыстарының барлығын құмалаққа толтырып кеткенін қарашы!
Енді қайттім?! Аңыратып келіп тұрған айыппұл - анау, тапқаным таксиге де жетпей тұрғаны - мынау!
Ойланарға уақыт жоқ, шегінерге амал жоқ. Жорик екеуміз апыл-ғұпыл жиып-теріп, өйтіп-бүйтіп жамап-жасқап, пошымын келтіріп алған қоқсығымызды қолбаңдай көтеріп, Рысқұлов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы аялдамаға жетіп, 8-ші қоғамдық көлікке қонжидық. Бет алысымыз - «Арасан» моншасының маңындағы прокат пункті.
Қонжиғанымызды қайтейін, майдай маңғаз қалпымызды қу қойдың құрып кеткір құмалағы құртты...
Түрімізге қарамай, жақын тұруға арланған жүгімізді троллейбустың артқы алаңқайына иен қалдырып, алдыңғы орындарға жайлы жайғасып алған біздер сыр берместен, сырттай бақылап отырғанбыз. Соған ерегіскендей, салонның ішін онсыз да шуаш аңқытып сала берген қос «қотырашым» опасыздықтың көкесін көрсетсін-ай келіп. Көліктің селкілінен сілкініп алып, тесіктерден саулап қоя берген сары ала түйіршіктер мен қара қоңыр құмалақтар тақтадай еденде бірін-бірі ары-бері қуалап, жарыса жөңкілді-ай дерсің.
Мұрындарын тыржитып, жүгімізге әзірейілдей үрке қарасқан жүргіншілер өмірлерінде тап бір малдың көңін көрмегендей, күңкілдесе бастады. Бәле іздеген бәтшағарлары: «Сасытып тұрған сен емес пе-ей?!» - дегендей, бір-біріне күдіктене бажыраяды. Көзі шатынаған билет сатқыш орыс әйел де: «Эт-то еще чье говнище?!» - деп, аттанды салып жатыр...
Ешқандай күмән тудырмас ақ көйлек, қылдай галстукпен момақан қозылардай монтиып отырған біз болсақ жадағай жабдыққа мүлдем жақындығымыз жоқтай, таңырқаған кейіп танытып, тоң-торыс теріс айналамыз...
«Ата жауын» таппай, ашуға шындап мінген көк долы көккөз кондуктор әбден долдана шаптығып, мөңки бастаған. Ақыры, лақтырып тастауға айналған соң, маңғаздана барып, «қазынаның» қожасы екенімді мойындауға мәжбүр болдым. Ендігі ойбай одан сайын асқынды. Бірақ, болған істің сіңер бояуы сіңгесін, жүзіқара болған бетімізді кірпіштей қылып былшитып алудан басқа амал болмады. Әйтпесе, «шашын жұлған» шайпауың салонды сыпыртып қоюдан да тайынар емес...
Алты шақырымдық алапат айқай-шуға үнсіз төтеп берген қалпымызда сары алтындай сабырмен Гоголь мен Карл Маркс көшелерінің қиылысына да жеткенбіз. Қоштасар сәттегі «қимас та қызу қошеметті» құлаққа қыстыруға шамамыз келместен, жөнімізбен түсіп қалғанбыз. Бұдан әрмен тағы да беттің қызылын белге түйіп қойып, өткен-кеткен сұқ көздерді керек те қылмастан, қорбаңдай терлеп-тепшіп, жоғары қарай қайқалақтай жөнелдік.
Осылайша, енді қайтып жалға беріліп, жарық жалғанға шығар-шықпасы неғайбыл қос аманатты ару Алматының көрікті орындары - аттары әйгілі 28-панфиловшылар паркі мен «Арасанның» тұсынан е-е-ең соңғы рет алақанымызға салып, әспеттей алып өтіп, «аман-есенінде» егесіне табыстағанбыз.
...Әйтеуір қабылдаушы орыс кемпір мүліктен шыққан мүңкіген иістен аздап секем алса да, абырой болғанда, токқа қосып тексеруді қажет көрмеді. Бекер обалы не керек, жағдайымды айтып жалынғасын, жас отбасылы жас маман ретінде аздаған жеңілдік те жасап берді. Бұдан кейін құжатта бар, бірақ бізде атымен болмаған антенна үшін де көп дауласып жатпастан, жап-жаңасының құнын төлей салып, құтылғанымызға сенер-сенбес ытып шығып, жөнімізге зытып едік.