СубханАлла сағынады екенсің иии...

18 желтоқсан 2021, 11:22

Дінді қызбалықпен ұстанатын бір жігіт 7 шелпек тарату дәстүрін харам санап, жемей кеткен ғой. Біраз жылдан соң, бір үйге кіргенде дастархан толы шелпек көреді. Іші шұрылдап барады. Сосын, қол салып, рахаттанып жеп жатып: — субханАлла сағынады екенсің иии,-дейді екен. Әзіл ғой.))
Негізі, 7 шелпек ешқандай харам-бидғат емес, керісінше түбі діннен алынған, әдемі әдет. Ал салафиттердің шелпекті бидғат деуіне не себеп? Қайбір шаманистер яки дым білместер: Шелпекті пісіргенде исін әруақтар иіскеп, азықтанады деген өтірікті шығарып алған. Сонда деймін де? Қазақтың әруағы шелпек майдың түтінімен тамақтанады екен де, ал шелпек пісіруді білмейтін ұлттардың әруағы аш жүр деген сөз бе, сонда?) Өтірік қысқасы!
Сонымен шелпек пісіріп, тарату дәстүрі қайдан шықты? Этнографтардың айтуынша, бұл дәстүр атеистік Совет заманында дін ұстанудың соңғыыы амалы болған. Намаз жоқ, садақа жоқ. Ата-әжелеріміз марқұмдарға құран бағыштай алмады. Аштық-репрессия кезінде көмусіз, құран бағытшаусыз кеткен боздақтардың артынан бір сауап барып тұруы үшін не істеу керек? Марқұмдардың атынан садақа беру — сауап па? Әлбетте. Ал ашқұрсақ көршілерге нан беру ше? Ол сауап әрі көршілер арасын жақындатады. Міне, 30-шы жылдары үлкендер, айналасындағы көршілерге шелпек таратып беру дәстүрін күшейткен секілді. Шелпектен ауыз тигенде — тие берсін,-дейміз. Яғни осы садақаң сауабы тие берсін,-деген сөз ғой.
Сосын ашаршылық кезінде, жетімдер үйіне түскен балалар тамақ тоя ішіп өліп кетеді екен. Аш өзекке тамақ түссе, организм көтере алмайды ғой деймін. Содан қазақ әжелер, шелпек беруші еді дейді, білетіндер. Сөйтсе, шелпекті тістегенде, ауызға май тамады, ол аш өзекті майлап, асқазанды қорытуға дайындайды екен. Міне, осындай қызықтар бар.

facebook.com