Тағдыр прикол ұстайын десе қиын ғой...

21 қыркүйек 2021, 11:09

ҚАЙҒЫЛЫ ҚАЛЖЫҢ

Баяғыда бір прораб болыпты. Баяғыда болғанда қатты баяғы емес енді, прораб болғасын түсінікті ғой. Өмір бойы бір мекемеде қызмет істеп, бел шешпей еңбек еткен сол құрылысшы дәл 63 жасқа толған күні зейнетке шықпақ болады. Содан бастығына кіріп:
- Ал, жігіттер, менің жасым келді. Бүгін міні 63 ке толып тұрм, шаршадым, зейнетке кетем. Үйіме барып немерелерімді алаңсыз ойнатқым келеді-, депті.
Бастығы үздік қызметкердің, ұжымның ең қадірлі мүшесінің тап осылай асығыс кетуін күтпесе керек, хабарды естіп тұнжырап отырып қапты.
- Онда былай етейікші-, депті әлден соң. - Соңғы өтінішім болсын, бір жақсы жеке үй салып берші. Соңғы жұмысың болсын. Сол үй бітісімен ұжым боп алғыс айтып, шығарып саламыз-, депті.
Прораб келісіпті. Сол күні-ақ соңғы жобасына, соңғы үйге кірісіп кетіпті.
Негізі, ойша пенсияға шығып қойған адам ғой, соңғы жобасына, шыны керек, немқұрайлы қарапты. Арзан материалдар ала салып, кей жерлерін асығыс бітіре салып, тоғын дұрыс тартпай, жылуын да дұрыс жүргізбей, сылағын да жөнді жасамай дегендей, әйтеуір бітіруге асыққан ғой...
Солай боп жатқанын өзі де сезген, бірақ "әй, қойш, талай үйді қатырып салдым ғой мүйіз шығатын болса" деп жұбатыпты өзін іштей.
Содан үй де бітеді. Біткен күні бастығын шақырып, үйді қабылдап алуын өтінеді. Бастық келеді. Ұжымын да ала келеді. Су жаңа үйдің алдында тұрып, жұрттың көзінше:
- Бұл үйді мен қабылдап алмаймын, жарқыным! Үйді қабылдайтын сіз, бұл сіздің үйіңіз! Компанияға қаншама еңбегіңіз сіңді, сол еңбектің өтеуі. Бізден сыйлық-, депті Бастық жадырай күліп.
Прорабтың түрі өрттей лаулап, құлағына дейін қызарып кетіпті сол кезде. Ұжымы дуылдата қол шапалақтап, қошемет білдіріп жатыр. Ал, бұл болса ұяттан өртенердей болып, қызарып тұрыпты...
Әлбетте, үйдің қалай салынғаны құрылысшының өзіне ғана аян. "Соңғы жұмысым ғой" деп, өмірінде тұңғыш рет қалай болса солай салған үйінде ендігі қалған өмірін өткізуі керек. Тағдыр прикол ұстайын десе қиын ғой...
МАРАЛ: Бүгінгі сүріп жатқан өміріміз - ертең "тұратын үйіміз", сапалы салайық!

Алмас Алтай

Фейсбуктегі парақшасынан