Қазақ солдаты

АҚШ-тың Ресейге экономикалық қыспағы Қазақстан мұнай экспортына кері әсер ете ме?

  • АҚШ-тың Ресейге экономикалық қыспағы Қазақстан мұнай экспортына кері әсер ете ме?

    АҚШ-тың Ресейге экономикалық қыспағы Қазақстан мұнай экспортына кері әсер ете ме?

Өткен жұмада АҚШ билігі стратегиялық мұнай қорынан 5 миллион баррелді сатылымға шығарды. АҚ үй бұл іске қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал кейбір сарапшылар аталған іс-қимылды осы күнге дейін импортшы боп келген АҚШ енді мұнай экспортшысына айналмақшы деп іліп әкетіп, өздерінше байлам жасап жатыр. Осыған дейін америкалық сенаторлар биліктен мұнай мен газ экспортына салынған тыйымды алып тастап, саяси-экономикалық серігі Еуропалық одаққа Ресей шикізатына тәуелділігін жоюға көмектесуді сұраған болатын. Осы жағынан алғанда, АҚШ-тың Ресейге экономикалық қыспағы Қазақстан мұнай экспортына кері әсер етіп жүрмей ме деген заңды сауал туындайды. «Алаш айнасы» басылымы бүгін осы сауалды мамандар «көкпарына» тартпақшы...




ИӘ

Тоқтамыс Меңдебаев,
техника ғылымының докторы, профессор:

– 2013 жылдың қорытындысы бойынша әлемде мұнай өндіру жағынан АҚШ бірінші орынға шықты. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша, былтырғы шілде айының өзінде Ресей 21,8 миллион баррель мұнай өндіргенде, АҚШ осы уақытта оны 22 миллионға жеткізген. Енді АҚШ осы күнге дейін өндіріп, қорына жинап келген мұнайын 2014 жылдың екінші жартысынан және 2015 жылдың басынан бастап халықаралық нарыққа шығармақшы. Демек, бұған дейін халықаралық нарықта мұнайдың 1/3 бөлігін тұтынып келген АҚШ енді импортшыдан экспортшыға айналмақшы. Осы жағынан алғанда, сұраныс көлемі күрт төмендейді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, шикізаттан арылу дегенді ұлттық идеология қып ұстанған Вашингтон жұмсақ тасты қойып, енді тақта тастан (сланцыдан) мұнай мен газ өндіру технологиясын жетілдіріп жатыр, оны атақты мұнай игеруші компаниялар біраз жыл бойы сынап келеді. Яки олар тақта тастан мұнай мен газ алудың технологиясын ойлап тапты. Ал тақта тас мұнайы қазіргі әлемдік табиғи мұнай қоры көлемінен екі есе көп деседі: 460 миллиард тонна.Тақта тас мұнайы мен газының негізгі қорлары АҚШ, Бразилия және Ресейде орналасқан. Күні кеше ғана Ұлыбританияда тақта тас мұнай қоры анықталғандығы мәлімделді. Бұдан кейін Қытай секілді дамыған мемлекеттер де өз территорияларынан осындай кен орнын іздестіруге кірісіп кеткен. Міне, бұл факторлардың барлығы, айналып келгенде, халықаралық мұнай нарығындағы бәсекелестікті күшейтіп, бағаның арзандауына ықпал етеді. Сарапшылардың кейбір болжамы бойынша, алдағы жылдары мұнай бағасы арзандамаса қымбаттамауы керек. Ал құн 2-3 есеге құлауы ықтимал екен. Демек, ел экономикасы үшін мұнай табысына байлану өте қауіпті. Біздің атқамінерлер үшін, сөз түсінсе, бұл соңғы дабыл белгісі болуы тиіс. Қазірден экономиканы әртараптандырып, табысты салаларды қалыптастырып үлгермесек, ертең кеш болады. Бізде игерілмей жатқан қуат көздері, ғылыми жетістіктер жетерлік. Міне, осыларды шындап қолға алатын уақыт жетті деп санаймын.




ЖОҚ

Уәлихан Төлешов,
саясаттанушы:

– Бүгін-ертең АҚШ мұнайын ірі көлемде нарыққа шығарады деп ойламаймын. Өйтсе халықаралық баға құлдырайды. Ал оларға тауарын арзанға саудалаған тиімсіз. Себебі тақта тастан мұнай мен газ өндіру үшін Америка өте көп инвестиция жұмсады. Сол секілді бірден қыруар көлеммен мұнай босатса, онда АҚШ-та жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Бұл сайлаушылардың наразылығын бұрқ еткізеді. Сондықтан саясаткерлер де бұған жол бере қоймайды. Жалпы, халықаралық сарапшылар болжамы бойынша, АҚШ мұнайын 2025 жылға қарай экспорттауы ықтимал.

Қазір АҚШ нарыққа 5 миллион баррель ғана шығарды. Бұл – өте аз көлем. Меніңше, Украинадағы жағдайға қатысты АҚШ осы әрекетімен Ресейге зиян тигізе аламын деп доқ көрсеткісі ғана келеді.

Ал Иранның халықаралық мұнай нарығына шығуы нақты нәрсе. Одан шындап қауіптену керек. Олар нарықтағы сұраныстың көп бөлігін қамтуға қауқарлы. Бүгіндері осы жақтан бәсекелестік қаупі күшейіп тұр. Тағы бір жайт, ол Қытайдың алғашқы корпоративтік дефолты. Күннен энергия өндіретін құрал-жабдықты жасайтын Shanghai Chaori Solar Energy Science & Technology компаниясы бірер апта бұрын құнды қағаздары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін дер уақытында төлей алмай, дефолт жариялаған болатын. Егер осындай корпоративтік дефолттар Қытайда бірінен соң бірі орын алатын болса, онда жағдайымыз шынымен де қиындайды.  Алда-жалда Батыстан қол үзіп қалсақ, Қытайға арқа сүйейміз ғой дегенде, олар мына жақта сүрініп-қабынып жатса, масқара сонда болады. Бәрінен ешнәрсеге бағынбайтын дағдарыс қиын екені хақ.


«Алаштың» түйіні

Қорыта айтқанда, ел экономикасының шикізат табысына байланғаны өте қауіпті. Сондықтан оны әртараптандыру керек. Бұл бағытта бізде стратегиялық Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынған. Алайда ондағы іргелі жобалардың кейбірі сыбайлас жемқорлықтың «құрбанына» айналып тұрған жайы бар. Сондықтан бүгінгі таңда еліміз күрт саяси реформаларға, бір серпіліс жасауға сұранып тұр. Халықаралық қауіп-қатер тәуекеліне дер уақытта тойтарыс береміз десек, әсіресе ғылым мен экономиканың түйісетін аумағын бөтен тетіктерден «тазартып», осы бағытқа бөлінетін мемлекеттің және жекеменшіктің қолдау қаражаты көлемін арттыру керек.




Көрілген: 1553    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 17.03.2014, 16:53

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Тамыз 2017
    Ерекше мереке
    25 Шілде 2017
    Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30